Әлемге әйгілі модель әрі диетолог ғалым Мэй Маск Алматы қаласын аралап, тіпті баланың тұсауын да кескенін айтып, алған әсерімен бөлісті.
Алматыдағы BeWoman форумының ұйымдастырушысы Жанна Кан Мэй Маск баланың тұсауын кескені туралы айтып, Маскке осы дәстүрдің мағынасын түсіндірді.
«Қыз (тұсау кесілген бүлдіршіннің – авт.) көздері сондай әдемі, өзі нәп-нәзік, қылығы тәп-тәтті. Тұсауын кескеннен кейін, оның қолынан жетектеп жүргіздім. Мүлдем жасқанбай, еркін жүріп шықты. Дәстүрлеріңіз өте әдемі екен», – деді Маск.
Сонымен қатар ол екі күн бойы Алматы қаласымен танысып шыққанын, қаланың өзіне қатты ұнағанын айтты.
«Бұрын Қазақстан туралы аз-маз білетінмін. Әрдайым шытырман оқиғалар мен жаңа елдерді аралап көргім келетін ниетім орындалып, елдеріңізге келгеніме қуаныштымын. Қала, жалпы Қазақстан туралы көбірек ақпарат алдым. Қаланы аралап, соборға, мұражайға барып көрдім, маған қатты ұнады», – деді Маск.
Ол өзіне арнап жайылған дастарханға да шексіз ризашылығын білдіріп, жылқы етін жеп көргенін, тағамдардың ұнағанын айтты.
Айта кетейік, миллиардер Илон Масктың анасы ретінде танылған Мэй Маск Алматыға Орталық Азия әйелдерінің BeWoman форумына арнайы қонақ ретінде келген.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия және Ресейден 95 арнайы қонақ пен 3000 жуық қатысушы келді.