Қазіргі уақытта азиялық кино нарығы сұранысқа ие киноиндустриялардың бірі. Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай фильмдері мен сериалдары өзге елдердің нарығын жаулап, жыл сайын беделді премия жеңімпаздары атанып жатыр. Осы бәсекелестік жоғары нарықта Қазақстан қандай орын алып отыр? Азиядағы кино-фестивальдерге қатысқан отандық фильмдерді ұсынамыз.
Отандық фильмдер Азиядан жүлдесіз қайтпайды
Қазақстандық режиссерлер түсірген картиналар Еуропа мен Азиядағы ең беделді кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды жиі алып жүр. Әсіресе, Азия елдеріндегі жетістіктер қуантарлық. Соңғы екі жылда Қазақстанның кинематографистері ең көне Шанхай кинофестивалінен жүлдесіз оралмайды. 2023 жылы Айсұлтан Сейітов өзінің «Қаш» атты дебюттік фильмімен фестивальдің Asian New Talent секциясында «Үздік режиссер» атағын жеңіп алды. Фильмнің мазмұны мен тарихи тақырыбы қазылар алқасын ерекше әсерге бөлеген.
«Қаш» фильмі Қазақстанда 2022 жылы жарыққа шыққан еді. Картина 1931-1933 жылдардағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық жылдарындағы екі ағайындының өмірін баяндайды.
Ал биылғы жылы режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» атты картинасы Шанхай кинофестивалінде екі бірдей марапатқа ие болды: үздік фильм және үздік әйел рөлі. Соңғы марапат жас актриса Амира Омарға бұйырды. Фильм Октябрь революциясы кезеңіндегі қазақ әйелдерінің құқықтары үшін күрес жайындағы комедиялық драма. Бұл тақырып қазылар алқасының назарын ерекше аударды.
Пусан кинофестивалінде екі дебютант
Азияның ең беделді кино шараларының бірі — Пусан кинофестивалінде биыл Қазақстан атынан үш фильм мен бір сериал ұсынылды. Байқаудан тыс көрсетілген фильмдердің қатарында Фархад Шариповтың мюзиклі «Солдат любви» бар. Бұл туынды Қазақстанда продюсерлік нұсқасымен «Стоп, ночь» атауымен белгілі.
Байқау бағдарламасына Қазақстаннан екі дебюттік жоба қатысты: Алина Мустафинаның «Пряники для ее отца» атты деректі фильмі және Ельзат Ескендірдің «Авель» драмасы. «Пряники для ее отца» картинасы үш түрлі жастағы әйелдің өмірін суреттей отырып, өткен мен бүгінгі күннің байланысын көрсетеді. Фильм көрермендерді терең толғанысқа түсіріп, әр адамның өз отбасылық тарихын еске салатын туынды ретінде ерекшеленді.
Ал «Авель» фильмі Қазақстандағы 90-шы жылдардағы қиын экономикалық кезеңде өмір сүрген ауыл бақташысының өмірін баяндайды. Фильмде әлеуметтік, экономикалық, және отбасылық қиыншылықтар көрініс табады. Бұл туынды арқылы Ельзат Ескендір қазақстандық кинематографияда жаңа бағытты айқындап, өз стилін қалыптастырып келеді.
1286: Халықаралық деңгейдегі жетістік
Азия кино индустриясындағы тағы бір үлкен жетістік – Алишер Утевтің «1286» сериалының Best Asian Contents Awards & Global OTT Awards байқауында «Үздік азиялық контент» аталымын жеңіп алуы. Сериал Қазақстандағы 90-шы жылдардағы еңбек құлдығы туралы баяндайды. Утевтің бұл жұмысы өзінің күрделі әлеуметтік мазмұны мен қара-ақ түсірілім стилімен көрермендер мен сыншыларды таңғалдырды. Шығармада тоталитарлық қоғамның қасіреті мен адамның жеке басының бостандығы тақырыбы ерекше көркем бейнеленген.
Сериал Netflix және Disney секілді ірі платформалардың қымбат жобаларымен бір қатарда тұрып, әлемдік деңгейдегі байқауларда табысқа жеткені қазақстандық киноиндустрияның әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді.
Қазақстандық кинематография Азиядағы ірі кино алаңдарында өз орнын тапты. Қазақстандық режиссерлердің жұмыстары күрделі әлеуметтік тақырыптарды көтере отырып, халықаралық деңгейде мойындалып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық «Бауырына салу» фильмі «Тұлпар» кино фестивалінде топ жарып, қазылар алқасының шешімімен америкалық Кино академияның «Оскар» жүлдесіне Қазақстан атынан ұсынылған.