Әлемнің 26-ракеткасы ресейлік теннисші Карен Хачанов Алматыда ATP 250 санатындағы турнирдің чемпионы атанып, 157 мың доллар (76 млн теңге) сыйақыға ие болды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Хачанов финалдық матчта канадалық Габриэль Диаллоны (ATP рейтингісінде 118-ші) 6:2, 5:7, 6:3 есебімен ұтты.
Тартысты ойын 2 сағат 25 минутқа созылды. Карен алты эйс жасап, бір қос қате жіберді және 19 брейк-пойнттың алтауын сәтті орындады. Биылғы жылы Хачанов бұған дейін де ATP 250 санатындағы турнирде, Дохада (Катар) хардта жеңіске жеткен болатын. 28 жастағы Карен өз мансабында жекелей сында жетінші титулын иеленді. Ол Чэнду, Марсель, Мәскеу, Чжухай және Дохада өткен турнирлерде де топ жарған. Сонымен қатар, оның ең үлкен жетістігі – 2018 жылы Парижде «Мастерс» санатындағы турнирде жеңіске жетуі.
Оңтүстік астанамызда табысты өнер көрсеткеннен кейін, Хачанов ATP рейтингінде екі сатыға көтеріліп, әлемнің 24-ракеткасы атанады.
Сонымен қатар, Алматы Open турнирінің жұптық сындағы чемпиондары да анықталды. Колумбиялық Николас Баррьентос пен тунистік Скандер Мансури финалда үндістандық Арджун Кадхе және Ритвик Боллипаллимен күш сынасты. Чемпиондық тай-брейкте үнді дуэті 3:6, 7:6, 14:12 есебімен жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, АТР 250 санатындағы турнир Алматыда алғаш рет өтті. Әлемнің үздік теннисшілер Almaty Open турнирінде алғаш рет өнер көрсетті.