Испания ұлттық құрамасының және «Манчестер Сити» клубының жартылай қорғаушысы Родри 2024 жылғы «Алтын доп» жүлдесінің иегері атанды. Бұл марапат футбол әлемінде ең жоғары бағаланатын награда.
Родри бұл жеңіске клубтық деңгейдегі және халықаралық жарыстардағы тамаша көрсеткіштері арқасында жетті. Ол «Манчестер Сити» құрамында 2023 жылы Премьер-лиганы жеңіп алды. Сонымен қатар жазда өткен Испания құрамасымен бірге Еуропа чемпионы атанды.
Жүлдені алған сәтте Родри өзінің жетістігін барлық команда мүшелері мен жаттықтырушыларына арнады. «Мен үшін бұл марапат тек жеке жетістік емес, командалық жұмыстың нәтижесі. Барлық әріптестеріме алғысымды білдіремін», — деді Родри.
Родриден бөлек, үздік жас ойыншы марапатын Испания құрамасы мен «Барселона» клубының ойыншысы Ламин Ямаль алды. Үздік қақпашы «Лев Яшин» атындағы жүлдені аргентиналық қақпашы Эмиллиано Мартинес жеңді.
Реал әлемнің үздік клубы марапаттау рәсіміне қатыспады
2024 жылғы үздік футбол клубы жүлдесіне ие болған мадридтік Реал салтанатты марапаттау рәсіміне қатыспады. Бұл шешім клубтағы ішкі жағдайларға байланысты қабылданғаны туралы ақпарат тарады.
Марапаттау рәсімі Парижде өтті, онда Родри мен басқа да үздік футболшылар жүлделерін алды. «Реал Мадрид» ойыншыларының қатыспауы көпшілік арасында қызу талқыланды. Кейбір сарапшылар клубтың басшылығы мен ойыншылар бұл шешімді командалық бірлікті сақтау және ішкі мәселелерді шешу мақсатында жасады деп ойлайды.
«Реал Мадрид» сапында басты үміткерлердің бірі Винисиус Жуниор болған еді. Сонымен қатар, Джуд Биллингем, Киллиан Мбаппе, Даниель Карвахаль деген ойыншылары да үздік футболшы атағына үміткерлердің бірі еді.
Айта кетейік, «Алтын доп» марапаты France Football басылымы тарапынан 1956 жылдан бері жыл сайын беріледі. Бұл марапат футболшылардың ерекше таланттары мен жетістіктерін тану мақсатында берілетін ең беделді жүлде ретінде саналады.