Азия Даму банкі «Отбасы банкіне» жасыл ипотеканы дамыту үшін 90 млрд теңге қарыз бермек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
жасыл ипотека
Коллаж: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Азия даму банкі (АБД) «Отбасы банкіне» 90 млрд теңге көлемінде несие беруді жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты банктің баспасөз қызметі жариялады.

АДБ беретін қарыз Қазақстанда гендерлік және «жасыл ипотеканы» дамытуға жұмсалмақ.

«Ынтымақтастық аясында АДБ Отбасы банкке 90 млрд теңге көлемінде несие беруді жоспарлап отыр. Болжамды қаржыландыру келесі мақсаттарға бағытталған: гендерлік теңдікті ілгерілету, тұрақты экономикалық өсу және елдегі жасыл дамуды қолдау. Жоба энергия тиімді, тұрақты, жасыл және қолжетімді тұрғын үй сатып алу көлемін ұлғайтуға, «жасыл» ипотека нарығын дамытуға ықпал ететін болады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл қаржыға «Ұмай» әйелдер ипотекасы және «Жасыл ипотека» арқылы несие берілмек. Қазақстандықтар осы бағдарламалар арқылы жаңадан салынып жатқан үйлерден және қайталама нарықтан баспана сатып ала алды. Бұл бағдарламалар 2025 жылы да жалғасын таппақ. «Жасыл ипотека» экология талаптарына сай салынған үйлерден пәтер алуға беріледі.

Банктің гендерлік өнім аясында қажет тәжірибесі бар. «Ұмай» бағдарламасы бойынша 30-40 жас аралығындағы әйелдер жиі заем алған. Олар негізінен 50-70 шаршы метрді құрайтын 1-2 бөлмелі пәтерді таңдайды.

Бұған дейін АДБ тұрғын үй операторына 200 млн доллар қарыз беретіні жайлы банк төрағасы Ләззат Ибрагимова айтқан болатын. Қазақстанда «жасыл ипотека» бағдарламасы былтыр іске қосылғанымен, оның стандарттары мен талабының үдесінен шығатын тұрғын үйлер саусақпен санарлық.

«Отбасы банк» 21 қазақстандық банк арасында активтер көлемі бойынша 4-орында тұр. оның жалпы активтері 4,15 триллион теңгені құрайды. Жыл басынан бері 94 млрд теңге таза пайда тапқан.

2013 жылғы тамыздан бері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі банктің 100% акцияларына иелік етіп, оны толық бақылауда ұстайды.

Сондай-ақ оқыңыз