Kaspi.kz биыл үшінші рет дивиденд төлеуге ниетті
Kaspi.kz бір қарапайым акциясына 850 теңге дивиденд төлеуі мүмкін. Осы мәселе компания акционерлерінің 18 қарашада өтетін кезектен тыс жалпы жиналысында қаралады. Сонымен қатар, директорлар кеңесіндегі өзгерістер талқыланады.
Kaspi.kz-тің қарапайым акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланады. Ал америкалық депозитарлық қолхаттары NASDAQ биржасында айналымда жүр. Төленетін дивидендтің жалпы мөлшері нақтыланбаған. 1 қазандағы жағдай бойынша, KASE-де 190 млн қарапайым акциясы айналымда жүр.
Бұған дейін компания І және ІІ тоқсан үшін бір акцияға 850 теңгеден дивиденд төлеген. Төленген дивиденд сомасы 161,5 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар, директорлар кеңесінің мүшесі және ірі акционердің өкілі Николай Зиновьевтің қызметтен кетуіне байланысты, орның орнына Ernst & Young Georgia компаниясында жұмыс істеген Зураб Никвашвили келуі мүмкін. Сондай-ақ, акционерлердің Түркиядағы Hepsiburada маркетплейсін сатып алу бойынша мәмілені мақұлдауы ықтимал.
Қазан айының ортасында Kaspi.kz Hepsiburada акцияларының 65,4%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Мәміле сомасы шамамен 1,13 миллиард долларды құрады. Түркияның реттеуші органдарынан рұқсат алған соң, 2025 жылдың І тоқсанында толық жабылады. Мәміле аяқталғаннан кейін қос компания да өз брендтері мен операциялық құрылымдарын сақтайды.
Компанияның ірі акционерлері: Baring Funds (23,8%), Михаил Ломтадзе (21,5%) және Вячеслав Ким (20,4%).
2024 жылғы қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастырды. Онда компания шамамен 1 млрд доллар табыс тапқан.