Төл валютаның 31 жылдағы динамикасы: теңге бағамы 100 есе құнсызданған

Жарияланды
31 жылда ұлттық теңге 100 есе құнсызданған
31 жылда ұлттық теңге 100 есе құнсызданған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Теңгенің айналысқа енгізілгеніне 31 жыл толды. Осы кезеңде төл валюта долларға қатысты 100 есе 4,69 теңгеден 494 теңгеге дейін құнсызданды. Жалпы алғанда теңге бірнеше рет девальваға ұшырады. Kursiv.Media 1993 жылдан бергі ұлттық валютаның динамикасын зерттеді. 

Теңге қолданысқа енгізіле салып әлсірей бастады

Ел валютасына мұнай бағасы, әлемдік экономикалық жағдайлар және ішкі экономикалық реформалар әсер етеді. 1994 жылдың басында теңге айналысқа енгеннен кейін бірден құнсызданып, бір доллар 10 теңгеге, ал сол жылдың соңында 50 теңгеге жетті. 1998 жылдың аяғында 1 доллар 83 теңгеге дейін көтерілді. 

Қазақстанда бірінші рет девальвация 1999 жылы тіркелді. Ол кезде Ұлттық банкті Қадыржан Дамитов басқарған. Доллар бағамы 80 теңгеден 120 теңгеге дейін өсті. 2000 жылы теңге одан әрі құнсызданып, 140 теңгеге жетті. Аталған кезеңде мұнай бағасы күрт төмендеп, Ресейде экономикалық дағдарыс болды. Осы тұста Қазақстан билігі алғаш рет құбылмалы айырбас бағамы тұжырымдамасын енгізді. Ол ел экспортты қолдап, ұлғайтып, валюта бағамын тұтақты деңгейде ұстап тұру үшін елдің алтын-валюта резервін пайдалануды тоқтатуы керек еді. Осы кезеңде реттеуші валюта нарығында болып жатқан жағдайды сыртқы факторлар мен көршілес мемлекеттердің экономикалық саясатының әсерінен болған мәжбүрлі шара деп түсіндірді. 2008 жылға қарай теңге бірте-бірте нығайып, доллар бағамы 120 теңгені құрады.

Әлемдік дағдарыс Қазақстан валютасына қысым жасады

2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы болды. АҚШ-тағы банктер мен акциялар бағасының күрт құлдырауы Латын Америкасы, Еуропа елдері, Азия-Тынық мұхиты аймағы және ТМД елдеріне ықпал етті. Салдарынан Қазақстанда 2009 жылы доллар бағамы 120 теңгеден 150 теңгеге дейін құнсызданды. Сол тұста Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко еді. Ол бұл өзгерісті мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланыстырды. Себебі сол кезде мұнай Қазақстанның жалпы экспортының жартысынан көбін – 55%-ын құраған. 

«Девальвация бизнес пен өндірісті қолдау мақсатында жүргізілді. Келесі төрт жылда бұл көрсеткіш тұрақты болды – бір доллар үшін 148–150 теңге және +-1,4 теңге», – деген уәде берген Марченко.

2014 жылғы жағдай немесе «Қара сейсенбі»

2014 жылы Қырымды Ресей басым алғаннан кейін АҚШ, Еуропалық Одақ, Австралия, Жаңа Зеландия және Канада Ресейге қарсы санкциялар енгізді. Бұл Ресей Федерациясында ғана емес, сонымен қатар басқа да көршілес елдердегі қаржы дағдарысына түрткі болды. Оның ішінде Қазақстан да бар. 2013 жылдың соңында Марченконың орнына Қайрат Келімбетов Ұлттық банктің басшысы болып тағайындалды. 2014 жылдың қаңтарында ол «теңгенің құнсыздануына ешқандай себеп жоқ» деп мәлімдеген. Араға бір айға жетер-жетпес уақыттан кейін қазақстандық валюта бір доллар үшін 154 теңгеден 185 теңгеге дейін әлсіреді. Келімбетов сол тұста «теңгенің девальвацияға ұшырағанын кеше түнде білдім» деп ақталды. Ол 11-ақпан болатын. Бұл күн төл валюта тарихында «Қара сейсенбі» деген атпен жазылды.

Қайрат Келімбетов шешім ресей рублі бағамына қатысты белгісіздікке, елдің төлем балансының жай-күйіне байланысты қабылданды деп түсіндірді. Сонымен қатар, журналистерге өзінің барлық жинақтарын теңгемен сақтағанын жеткізді.

Доллар 366 теңге: «бұл девальвация емес, еркін ақша-несие саясатына көшу»

Девальвациядан бір жыл өткен соң 2015 жылдың жазында Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу мен еркін құбылмалы айырбас бағамына негізделген жаңа ақша-несие саясатын ұсынды. Өзгеріс тұрақты экономикалық даму, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, инфляцияны төмен деңгейде ұстап тұру және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қабылданды. Алайда көп ұзамай ұлттық валюта бағамы бірден 188,4 теңгеден 255,3 теңгеге дейін құлдырады. 2016 жылдың басына қарай айырбас бағамы бір доллар үшін 366,5 теңге жетті. 

«Мұны министрлер кабинеті мен Ұлттық банк өкілдері «девальвация емес, еркін ақша-несие саясатына көшу», – деп түсіндірді. 

2020 жылдың наурыз айына дейін 1 доллар 382 теңге болды. Алайда бұл тұрақтылық ұзаққа созылған жоқ. Пандемия басталғаннан доллар 400 теңгеге дейін қымбаттады. Ал келесі 2021 жылы айырбас бағамы бір доллар үшін 420 теңгеге жетті.

Ресей мен Украинадағы жағдайдың әсері 

2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты АҚШ пен Еуропаның экономикалық санкцияларынан кейін рубльдің долларға шаққандағы бағамы күрт төмендеді. Соның салдарынан бірер күнде доллар бағамы 430 теңгеден 490 теңгеге, кейін 512 теңгеге дейін шарықтады. 2022-2023 жылдары бұл көрсеткіш шамамен 420-дан 495 теңге аралығында құбылды. Ал 2024 жылы қаңтар-қарашада салықтық кезең басталып, төл валюта бағамы 1 долларға 449-451-ге жақындап, тұрақтала бастады. Алайда бұл нарықтағы «тыныштық» кезеңі ұзаққа созылмады. Шілдеде – 474, тамызда – 478, қыркүйекте – 479 теңгеге жеткен Қазақстан ақшасы, қазанда – 485, қарашада – 492 теңгеге дейін әлсіреп, құнын жоғалтты.

Алдағы уақытта…

АҚШ-тағы Президент сайлауынан кейін теңге тағы «әлсіреді».  13 қараша күні айырбастау пінкттерінде 493-495 теңгеден сатылуда. Сарапшылар бұған Трамп қазірдің өзінде теңгені «құлатты», деп баға беріп жатыр. Бұған қатысты Ұлттық банк те мәлімдеме жасады.

«Дональд Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталарын әлсіретті», – деді ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 12 қазан күні.

Ол сондай-ақ жағдай күрделенсе Ұлттық банк интервенция жасауға дайын екенін білдірді. Алайда сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Ұлттық банкке интервенция жасауға тура келеді. Өйткені  Трамп салықты азайтып, өндірісті күшейтуге бағытталған экономикалық саясат жүргізбек. Нәтижесінде доллар күшейтіп, мұнай бағасын арзандауы мүмкін. Сондықтан өзге де дамушы елдермен қатар Қазақстанның ұлттық валютасы да әлсіреп, 1 АҚШ доллары 500 теңге болуы мүмкін, деген де болжам бар. Мұны  2025 жыл көрсетеді. 

Қағаз ақшадан цифрлық теңгеге дейін

Қазақстан ақшасының тарихы 1993 жылдың 3 қарашасынан бастау алады. Себебі теңгені айналымға енгізу бойынша комиссия осы күні құрылды. 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылса, 15 қарашадан бастап теңге елдегі төлем бірлігі атанып, халықтың қолына жетті. 

Төл валютаға неге «теңге» деген атау берілді? «Денге» немесе «таньга» деген атау орта ғасырдағы түркілердің күміс монеталарынан шыққан. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Теңгенің дизайнына белгілі суретшілер мен дизайнерлер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов жауапты болды.

Қағаз ақшаның алдыңғы жағында мәдениет, ғылым және саясия тақырыптағы әртүрлі суреттер мен Қазақстанның танымал қайраткерлерінің портреттері, ұлттық ою-өрнектер салынған. Келесі бетінде сәулет ескерткіштері мен Қазақстанның көркем көріністері бейнеленген.

Банкноттардың бірінші сериясы шартты түрде «Портреттер» деп аталды. Бірақ көп ұзамай үлкенірек номиналдағы банкноттарды шығару қажеттілігі туындады және 1993 жылдан 1999 жылға дейін екінші сериясы – 200, 500, 1 мың, 2 мың және 5 мың теңгелік банкноттары бар «Әл-Фараби» шығарылды. Кейін жоғары инфляция мен теңгенің құнсыздануына байланысты жоғары номиналдағы банкноттарды шығару қажеттілігі туындады.

2003 жылдың маусымында серия 10 мың теңгелік банкнотпен толықты. 2006 жылдың қараша айында «Бәйтерек» бейнеленген үшінші сериясы шықты. Жаңа банкноттардағы басты элемент Қазақстанның жаңа астанасының көрнекті орны – Астанадағы «Бәйтерек» монументінің бейнесі болды. 2011 жылдан бастап Ұлттық банк «Самұрық» сериясын шығарды. Жаңа банкноттардың ерекшелігі – алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументінің («Самұрық» құсы) бейнесі еді.

Бүгінде Қазақстанда 500, 1 мың, 2 мың, 5 мың, 10 мың және 20 мың теңгелік банкноттар айналымда. 

Ұлттық банк цифрлық валютаны құру мүмкіндігін зерттеп, оны 2021 жылы іске қосудың негізгі технологиялық принциптерін сынай бастады. 

Өткен жылы реттеуші қаржы ұйымдарының қатысуымен пилоттық жоба жүргізіп, цифрлық ақшамен танымал транзакцияларды жүргізу мүмкіндігін сынақтан өткізді. 2022 жылдың желтоқсанында цифрлық теңге жобасын зерттеу нәтижелерімен White paper 2022 есебі жарияланды.

Ал 2024 жылғы шілдеден бастап бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалау үшін сынақ режимәнде Цифрлық теңге қолданыла бастаған еді. 

Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Ол қолма-қол ақшамен тең дәрежеде қолданылады. 2023 жылғы 15 қарашада Қаржыгерлер күнінде Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгені қолданысқа енгізген еді. Конгресс кезінде цифрлық теңгемен алғашқы бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыны аяқ кофе сатып алынды.

Сондай-ақ оқыңыз