Банктердің кредиті қымбат болып қалады. Ұлттық банк басшысы инфляция азаймай, базалық мөлшерлеме төмендемейтінін айтты
Ұлттық банк төрағасы басшысы Тимур Сүлейменов Қаржыгерлер конгресінде елдегі инфляция төмендемей, базалық мөлшерлеме жоғары болып қала беретінін айтты. Ал базалық мөлшерлеме жоғары болса – банктер беретін кредит қымбатқа түседі деген сөз.
ҰБ басшысының пікірінше, инфляция 5 пайызға дейін баяуламайынша, базалық мөлшерлеме 9-10 пайызға дейін төмендемейді. Ал бұл жағдайда банктердің 11-12 пайызбен несие беруіне еш мүмкіндігі жоқ.
«Қаржы экспансиясы мен жоғары инфляция жағдайында мөлшерлемені кенеттен төмендетеміз деп күтудің қажеті жоқ. Әрине, мұндай әрекетке бармаймыз. Біз өз мандатымызды ешқашан ұмытпаймыз, өйткені біз бұл үшін үкімет алдында емес, бүкіл ел алдында жауаптымыз», – деп атап өтті Сүлейменов.
ҰБ басшысы үкімет ең алдымен инфляция мәселесін шешіп алуы тиіс деп тұжырымдайды. Бұл – бюджет шығынын қысқарту мен кірісін ұлғайту, Үлттық қордан шамадан артық қаржы алмау. Салықты көбейту және Сүлейменов бұл міндет оңайға түспейтінін айтады. Десе бұдан басқа жол жоқ.
Қазақстандағы инфляция деңгейі қандай?
Қазан айында Қазақстанда инфляция 8,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. 2023 жылдың басындағы 20 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе зайған. Алайда үкімет елдегі инфляция деңгейін 5 пайызға дейін түсіруді мақсат тұтып отыр. Сүлейменов оған жету үшін қатаң ақша-несие саясатын ұстануымыз қажет деп тұжырымдайды.
«Бұл деңгей әлі де біз көздеген көрсеткіштен 70%-ға жоғары. Сол себепті макроэкономикалық реттеуші ретінде қатаң ақша-кредит саясатын ұстануымыз керек», – деді ҰБ басшысы.
Сулейменовтың айтуынша, қазір Қазақстан «сәтсіз тұйық шеңберде» қалып отыр: жоғары мөлшерлеме кезінде бәрі мемлекеттік қолдауға жүгінеді. Үкімет қаржылай қолау көрсетеді, ал салық аз түскендіктер, қажет қаржыны Ұлттық қордан алады. Бұл ақша массасының көбеюіне әкеліп, инфляцияны күшейтеді, нәтижесінде негізгі мөлшерлеме жоғары күйінде қалады.
«Сондықтан инфляцияны бақылауға алып, мемлекеттік қаржыны реттемей, жүйелі тәртіп орнатпайынша, бұл мәселе шешілмейді. Бірақ осы жолда қолға алынатын көптеген шешімдер ауыр болады. Қысқа мерзімде кейбір мемлекеттік шығындарды қысқарту және кірісті арттыру қажет болады. Кірістерді арттыру дегеніміз – ашық айтқанда, салықты көбейту, жекешелендіру, мемлекеттік активтерді сату және мемлекеттік резервтерді арттыру. Қазір Ақша-несие және салық-бюджет саясатын үйлестіруде Қазақстан үшін инфляция мен мемлекеттік қаржыны ретке келтіру маңызды. Бұл үлкен экономикалық серпіліс жасауға қажетті алғышарттарды қалыптастырады», – деп қорытындылады Сүлейменов.