Доллар тағы қымбаттады: Айырбастау пункттерінде 501 теңгеден сатылып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
доллар бағамы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда доллар тағы қымбаттап, «психологиялық» меже – 500 теңгеден асты. Айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 501 теңгеден аса сатылып жатыр. Қараша айының басынан бері көкқағаз 10 теңгеге қымбаттаған.

Қазақстан қор биржасында 18 қараша күнгі кешкі сауда-саттықта доллар бағамы 1,99 пайыз қымбаттап, 498 теңге болды.

Ал kurs.kz дерегі бойынша, Алматы қаласындағы айырбастау пункттері долларды 499 теңгеден сатып алып, 500-501 теңгеден сатып жатыр. Астана қаласының айырбастау пункттерінде доллар 501 теңгеден саудаланып жатыр. Ал Ресей рубльінің бағамы – 4,98 теңге.

Доллар бағамының 500 теңгеден асуы бірінші рет емес. 2022 жылдың 5 наурызында қор биржасындағы сауда саттықта доллар 501,64 теңгеден саудаланған. Ал айырбастау пункттерінде доллар 522 теңгеден сатылды. Биыл 15 қарашада 500 теңгеден асып барып Ұлттық банктің мәлімдемесінен кейін, қайта арзандады.

Нарыққа реттеуші қашан араласады?

Теңге бағамы құбыла бастаған сәтте Ұлттық банк нарыққа араласып, интервенция жасауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов өткен жұмада теңгенің туған күніне орай ұйымдастырылған конгресте «ұлттық валютаның одан әрі қүнсыздануына еш себеп жоқ» деп мәлімдеген.

Десе де, теңге қатты құнсызданса, нарыққа араласатынын тағы да растағанымен, «нарық алдын ала дайындалмас үшін» қашан интервенция жасайтынын нақтыламады.

Сонымен қатар, ол Трамптың жеңісі жаһандық нарыққа үлкен әсер еткенін мойындап, осыған байланысты реттеуші өзінің болжам сценарийін қайта қарастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз