Түркияның реттеуші органы Kaspi.kz компаниясына Hepsiburadа маркетплейсін сатып алуға рұқсат берді
Түркияның Бәсекелестікті қорғау агенттігі Kaspi.kz акционерлік қоғамының түрік электрондық коммерция платформаларының бірі – Hepsiburada-ны сатып алуын мақұлдады. Бұл туралы Turkiyetoday басылымы хабарлады.
Kaspi.kz компаниясы 2024 жылдың 18 қазанында Hepsiburada-ның 65,41% акциясын сатып алу туралы келісімге келгенін жариялаған болатын.
Құны 1,13 млрд долларды құрайтын бұл келісім реттеуші органдардың рұқсатын алған соң, 2025 жылдың ортасына дейін аяқталуы тиіс. Kaspi.kz мәмілені жабу кезінде 600 млн доллар, ал қалған 526,9 млн доллар алты ай ішінде төлейді.
Бұған дейін халықаралық сарапшылар Kaspi.kz-тің Hepsiburada маркетплейсін сатып алуы компания рейтингіне қалай әсер ететінін айтқан. Fitch Ratings сарапшыларының пайымдауынша, Kaspi.kz-тің өте жоғары қолма-қол қаражат табу қабілеті мен Hepsiburada компаниясының аз-маз қарызы осы мәміленің Kaspi.kz-тің капиталы мен қарыз деңгейіне айтарлықтай әсер етпейтінін байқатады.