Ұлттық банктің ақша-кредит саясатынан не күтеміз?
Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасап, ақша-кредит саясатына қатысты пікір білдірді.
«Қаржы және энергетика нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында Ұлттық Банк инфляцияның 5%-дық орта мерзімді таргетке баяулау траекториясын қадағалайды. Ол үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін мұқият бақылайды», – деді ол.
Банк төрағасының сөзінше, қараша айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 8,4% болды. Оған Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі және әлемдік азық-түлік нарығындағы бағаның өсуі әсер еткен. Бұл жағдай теңге бағамына да әсер етпей қоймайды. Қарашада ұлттық валютаның айырбас бағамы бір доллар үшін 512,52 теңгеге дейін, яғни 5%-ке әлсіреді.
«Теңгенің бұдан кейінгі динамикасы төлем балансына, нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады», – деді Сүлейменов жиында.
Ұлттық банк 29 қарашада біртіндеп төмендеп келе жатқан базалық мөлшерлемеге бірден 1% қосып, 15,25%-ға жеткізген. Сол кезде Сүлейменов мұндай шешімді инфляция мен елдің экономикалық дамуына қатысты болжамдарды, нақты деректер мен тәуекелдерді ескере отырып қабылданғанын айтқан еді.