2025 жылдан бастап 2039 жылға дейін жаңа Beta ұрпағы дүниеге келеді. McCrindle зерттеу сайтының мамандары 2035 жылға қарай бұл ұрпақ әлем халқының 16%-ын құрайды деп болжап отыр. Бұл ұрпақтың ата-аналары негізінен жас миллениалдар (Y буыны) мен ересек Z буынының өкілдері болады. Даму қарқыны мен медицина саласындағы жетістіктер арқасында, Beta ұрпағының көпшілігі 22-ғасырды көріп, болашақтағы технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге куә бола алады.
Beta ұрпағына дейін бірнеше буын қоғамның дамуына өзіндік үлес қосты. Әр буынның өзіне тән тарихи, технологиялық және мәдени ерекшеліктері болды.
Baby Boomers (Бэби-бум буыны)
1946-1964 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі экономикалық өрлеу кезеңінде дүниеге келген бұл ұрпақ отбасы құндылықтарын жоғары қойды. Олар әлемдік өзгерістердің, өнеркәсіптік және әлеуметтік реформалардың бел ортасында болды. Бұл ұрпақ техникалық прогрестің алғашқы кезеңін бастан кешірді.
X буын 1965-1980
Бұл ұрпақтың балалық шағы теледидар, радио дәуірімен байланысты. Олар еңбек нарығына шығып, дәстүрлі жұмыс пен отбасы қатынастарында үлкен өзгерістер енгізді. Тәуелсіздік пен прагматизмге жақын болды.
Y буыны немесе Миллениалдар 1981-1996
Миллениалдар – интернет, компьютер, ұялы телефон және әлеуметтік желілер дәуірінде өскен алғашқы буын. Бұл ұрпақтың басты ерекшелігі – технологияға бейімділік, жоғары білімге ұмтылыс және өмір сапасына басымдық беру.
Z ұрпағы 1997-2012
Z ұрпағы толықтай цифрлық дәуірде дүниеге келген. Смартфондар мен әлеуметтік желілер олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болды. Олар жылдам ақпарат алуға бейім, көпмәдениеттілік пен экологиялық мәселелерге ерекше мән береді.
Alpha ұрпағы 2013-2024
Alpha ұрпағы – жасанды интеллект, виртуалды шындық және робототехника дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақ. Олар білім алудың жаңа формалары мен цифрлық құралдарға толықтай бейімделген. Әлемнің технологиялық болашағын қалыптастыратын ұрпақ деп саналады.
Ал 2025 жылдан бастап Beta буыны дүниеге келеді. Beta ұрпағы жаңа технологиялармен және жасанды интеллектпен тығыз байланыста өсіп, цифрлық дәуірдің ең үлкен үлесін көретін алғашқы ұрпақ болуы мүмкін. Бұл буынның өмір сүру салты мен дүниетанымы технология, экология және ғаламдық трендтерге негізделеді.