2024 жылы спортта қандай жетістіктер мен даулар болды?

Жарияланды 30 Желтоқсан 2024 13:39

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
2024 жылы спортта қандай жетістіктер мен даулар болды? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан спорты үшін 2024 жыл жарқын жеңістер мен дау-дамайларға толы болды. Еліміздің спортшылары әлемдік ареналарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, көк туды желбіретті. Сонымен қатар спорт саласында қоғамның назарын аударып, қызу талқыланған тақырыптар да болды. Спорттағы айтулы оқиғаларды еске түсірейік.

Париж олимпиадасындағы жеңістер мен қателіктер

2024 жылы Парижде өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 7 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 3 күміс, 3 қола. Жалғыз алтынға ие болған Елдос Сметов ел абыройын асқақтатып, халықтың ықыласына бөлінді. Күміс медаль алғандар: гимнастикадан Нариман Курбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі). Ал қола медаль қыздар арасындағы бокстан Назым Қызайбайға, нысана көздеуден аралас командалық жарыста Александра Ле мен Ислам Сәтпаев және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа (66 келі) бұйырды.

Сондай-ақ кейбір спорт түрлерінде жеңілістер мен жаттықтыру мәселелері сынға алынды. Бокстан Қазақстан құрамасы сынға қалып, Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктен кейін, жаттықтырушылар құрамы толықтай ауысты.

Паралимпиададағы ерекше жетістіктер

Парижде өткен 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 9 медальға қол жеткізді: 2 алтын, 3 күміс, 4 қола. Алтынды пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев пен пара дзюдо бойынша Ақмарал Науатбек әкелді. Күміс жүлдегерлер – нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара жүзу бойынша Нұрдәулет Жұмағали, пара дзюдодан Ерғали Шамей. Ал Дастан Мұқашбеков пара жеңіл атлетикадан, Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан қола жүлде алды. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

Қыркүйек айында Астанада өткен V Көшпенділер ойындары Қазақстан үшін табысты аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы 112 медаль (44 алтын, 33 күміс, 37 қола) иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Сонымен қатар көшпенділер ойындарына 600 мыңға жуық турист келген. 30-дан астам мемлекеттің спортшылары жүлдегер атанды. 8-13 қыркүйек күндері өткен көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Шавкат Рахмоновтың тарихи жеңісі

Қазақстанның мақтанышы Шавкат Рахмонов UFC әлемінде тағы жеңіске жетті. Ол Иэн Гэримен жекпе-жекте жеңіске жетіп, өзінің бабында екенін тағы бір рет дәлелдеді. Бұл жеңіс Қазақстанның аралас жекпе-жектегі позициясын күшейтті.

Спорттағы дау-дамайлар

2024 жылы спорт әлемінде кейбір даулы оқиғалар орын алды. Теннисші Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Олимпиадаға қатысудан бас тартты. Бұл шешім олардың жарақаттарымен түсіндірілсе де, жанкүйерлер арасында түсініспеушілік тудырды. Әсіресе, мәжілісте легионер спортшылардың міндеттемелері туралы заң қабылданып, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды.

Ал футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тіліне қатысты бірнеше рет сынға алынды. Оның тілдік мәлімдемелері қоғамдық пікірталастарға себеп болып, ұлттық құндылықтарды құрметтеу мәселесін көтерді. Жанкүйерлер арасында ұлттық құраманың бас бапкері Черчесов қызметінен кетсін деген әңгімелер де көбейді.

Футболдағы үміт

Футбол саласы дәстүрлі түрде ел назарында болды. Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 2024 жылы өте сәтсіз аяқталды. Ұлттар лигасы аясында 6 ойын өткізіп, 1 тең ойын, 5 жеңіліс тапты. Жаттықтыру сапасы мен инфрақұрылымдық мәселелер де сынға қалды. Алматының Орталық стадионында өткен «Астана» мен «Челси» ойынында тазаланбаған қар мен сынған орындықтар да жанкүйерлердің наразылығын тудырды.

Артынша, Алматының спорт дирекциясы жанкүйерлерден кешірім сұрап, Орталық стадионның басшысын жұмысынын шығарған еді. Ал қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша 2025 жылы Алматының орталық стадионы жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз