Үкімет 2024 жылы Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге алды. Қордағы қаржы қашан 100 мың долларға жетеді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

2024 жылдың 12 айында Ұлттық қорға жалпы 8,8 трлн теңге түскен. Алайда қордағы қаржыдан Үкімет былтыр 5,6 трлн теңге алғандықтан, болашақ ұрпаққа деп жинап жатқан қаржы бір жылда тек 3 трлн теңгеге өскен. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Ұлттық қор түсімдеріне қатысты есебінда жазылған.

2024 жылдың 1 қаңтарында қорда 29,8 трлн теңге қаржы болса, қазір 33 трлн теңгеден сәл асады.

2024 жылы Ұлттық қорға түскен 8,8 трлн теңгенің 3,8 трлн теңгесі – мұнай ұйымдарынан тікелей түскен салық. Қалғаны – инвестициялық табыс. Дегенмен Қаржы министрлігінің есебінде қордың тек 9 айдағы инвестциялық табысы көрсетілген. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ұлттық қордың қаржысын басқарудан 5 трлн теңгеге жуық қаржы түскен.

Ұлттық қор қаржысы болашақ ұрпаққа қала ма?

2024 жылы Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі рекорд орнатты. Республикалық бюджетте 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарланғанымен, 2 трлн теңге артық алынды. Үкімет ел қазынасындағы қаржы тапшылығын қор қаржысымен жапты.

Министрлік есебінде 2 трлн теңге кепілденділген трансферт болса, 3,6 трлн теңгесі – нысаналы трансферт ретінде бөлінгені жазылған. Одан бөлек, былтыр Ұлттық қор есебіне «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциялары сатып алынған еді. Бірақ оған қанша қаржы кеткені есепте көрсетілмеген.

Қор қаржысы 2030 жылға дейін 100 мың долларға жете ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қордағы қаржыны 2030 жылға дейін 100 мың долларға дейін жеткізуді тапсырған. Алайда сарапшылар Үкімет қордан жылда қомақты қаржы ала берсе, бұл міндет орындалмайтынын айтқан. Сондықтан нысаналы трансферттер көлемін шектеуді ұсынады. Қазіргі заңнамада Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі шектелгенімен, нысаналы трансферт мөлшеріне нақты шек белгіленбеген.

Сондай-ақ оқыңыз