Туринде өтіп жатқан Универсиадаға қатысу үшін әр спортшыға 1,6 млн теңге бөлінді

Жарияланды 16 Қаңтар 2025 15:11

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Универсиадаға қатысу үшін бір спортшыға 1,6 млн теңге бөлінді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Туринде өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарына қатысу үшін бір спортшыға 1,6 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының (ҰҒПДТО) мәліметінше, бір спортшының Универсиадаға қатысуы шамамен 1,6 миллион теңгені құрайды. Бұл сомаға спорттық киімдер, виза рәсімдеу, барып-қайту билеттері, тұру, тамақтану және басқа шығындар кіреді.

Қазақстан құрамасында 103 спортшы 10 спорт түрінен жарысқа қатысса, жалпы спортшыларға 164 800 000 теңге бөлінді. Қысқы спорт түрлерінде биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер мен әйелдер хоккейі бар. Сонымен қатар алғаш рет жарыс бағдарламасына жаңа спорт түрлері енгізіледі.

Жүлде алған спортшылар қандай сыйақы алады?

2023 жылдың 27 маусымында ҚР Мәдениет және спорт министрінің №156 бұйрығына сәйкес, Дүниежүзілік жазғы және қысқы Универсиадада жеңіске жеткен спортшылар үшін сыйақы мөлшері бекітілді. 1-орын алған спортшы 15 000 АҚШ доллары, 2-орынға – 10 000 АҚШ доллары, ал 3-орын иегері 5 000 АҚШ долларын алады.

16 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола бар. Жалпы командалық есепте ұлттық команда екінші орында.


Сондай-ақ оқыңыз