Көлеңкелі бизнестің үлесі артады: Мәжіліс депутаттары ҚҚС туралы не дейді
Мәжіліс депутаттары Үкіметтің қосымша құн салығын көтеру ұсынысын кәсіпкерлермен талқылау керек деп пайымдайды. Өйткені ҚҚС мөлшерін бірден көтеріп жіберсе, көлеңкелі бизнестің үлесі артпақ.
Журналистер депутат Еділ Жаңбыршиннің есіне былтыр Мәжіліс ҚҚС-ты 12%-ға 16 пайызға дейін көтеру ұсынысын өткізбей қойғанын салып, енді ҚҚС қаншаға көтерілу мүмкін екенін сұрады.
Кәсіпкерлердің пікірі ескерілуі шарт
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қосымша құн салығы көтерілсе, бизнес көлеңкеге кетіп, болмаса кәсібін бөліп тастауы мүмкін екенін айтады.
«Бұл мәселені Үкіметпен отырып талқылауымыз керек. Өйткені ҚҚС көтерілсе, кәсіпкерлер көлеңкеге кетіп немесе кәсібін бөлшектеп тастауы мүмкін. ҚҚС-қа тіркеу шегін де 15 млн теңгеге дейін түсіру ұсынысы айтылды. Мұның да кәсіпкерлерге қалай әсер ететінін қарастыру шарт», – деді ол.
Депутат екінші тараптың да пікірін тыңдау қажет деп тұжырымдайды. Кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастықпен бірлесіп, бір консенсусқа келетіндеріне сенімді.
Көлеңкелі бизнестің үлесі артады
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев та ҚҚС-тың көтерілуі шағын және орта бизнесті көлеңкелі экономикаға итермелеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Мұны жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. ҚҚС бойынша бұл мәселені жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізілген кезде талқылайтын боламыз. Біздің өз ұстанымымыз, бұрыннан келе жатқан ұсыныстарымыз бар. Олардың ішінде ҚҚС пен сату салығын қолдануда ЭЫДҰ мен Еуропа Одағы елдерінің тәжірибесіне негізделген әртүрлі тәсілдер де қарастырылған. Біз мұның бәрін талқылаймыз», — деп жауап берді Перуашев.
Халықты ашындыру жақсылыққа апармайды
Ал Депутат Ринат Зайытов бюджетке қажет қаржыны халықтан алу жақсылыққа апармайды деп тұжырымдайды. Ол бұл мәселе әлі талқыланатынын айтады. ҚҚС туралы құжат Мәжіліске келгенде, үлкен дау болмақ.
«Тесік қапқа қол жая бергеннен, еш мәселе шешілмейді. Халықтың өзі де біреуін біреуіне жеткізе алмай әрең күн көріп жүр. Қанай беруге болмайды», – деді депутат.
Қосыша құн салығын Үкімет неге көтермек?
28 қаңтар күнгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық-бюджет саясатын таныстырып, қосымша құн салығын көтеруді жоспарлап отырғандары мәлімдеді. Үкімет ҚҚС-ты қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеруге ниетті. Бірақ нақты қаншаға өсетіні әлі белгісіз.
Оған қоса ҚҚС төлейтіндердің қатары көбеймек. Қазір жылдық айналымы 20 000 АЕК, 78 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ҚҚС төлесе, енді бұл шек 15 млн теңгеге дейін түсуі ықтимал. Осылайша, жылдық қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын дара кәсіпкер ҚҚС төлеуге мәжбүр болады.
Бұл ретте қаржы сарапшысы Салтанат Абаева қосымша құн салығы кедейлерге салынатын салық екенін айтады. Өйткені оны тауар мен қызметке салатындықтан, тұтынушы төлейді.