Димаш Құдайбергеннің құрметіне ашылған Польшадағы DiVoices хоры Dears фандомының сегіз жылдығына орай ерекше сый жасады. Жанкүйерлер қазақстандық әншінің өнер жолының бастауы болған «Ұмытылмас күн» әнін орындап, сүйікті әртістеріне құрмет көрсетті.
«Димаш бұл әнді жазғанда оның жанкүйерлер үшін қаншалықты ерекше мәнге ие болатынын елестетпеген де шығар. Dears үшін әрбір концерт, әрбір кездесу мен сапар – ұмытылмас естеліктерге толы үлкен шытырман оқиғаның бір бөлігі», – дейді фан-клуб админі Тереза Какол.
DiVoices жобасы тек Польшадағы емес, бүкіл әлемдегі жанкүйерлерді біріктірді. «Ұмытылмас күн» әнін орындауға АҚШ, Норвегия, Перу, Швеция, Латвия және Жапония фан-клубтарының өкілдері де қосылды.
«Біздің бұл орындауымыз Dears-тың жүрегінен орын алып, оларға ұмытылмас эмоция сыйлайды деп сенеміз», – деп бөлісті хор мүшелері.
Польшадағы фан-клуб Димаштың барлық жанкүйерлерін қауымдастықтың 8 жылдық мерейтойымен құттықтап, әрбір Dears-қа сүйікті әртістерінің шығармашылығынан шабыт алатын бақытты сәттердің көп болуын тіледі.
Сонымен қатар, Димаш Құдайберген өз жанкүйерлерін алғыс білдіріп, фанклубтың 8 жылдығына орай, наурыз айында жаңа ән шығатынын мәлімдеген еді.