![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/obezyana-elektrichestvo-shok-1-1024x576.png)
Бір ғана маймыл жексенбі, 9 ақпан күні Шри-Ланканың 22 миллион тұрғынын жарықсыз қалдырды. Халық ел инфрақұрылымына назар аудармаған үкіметті сынады. Бұл туралы BBC-дің Орыс қызметі хабарлайды.
«Маймыл желіміздің трансформаторына тиісіп, жүйеде ақау туғызды», – деп түсіндірді Шри-Ланка энергетика министрі Кумар Джайакоди журналистерге толық блэкаут себебін.
Бүкіл арал жексенбі күні таңертең сағат 11-лер шамасында бір сәтте жарықсыз қалған.
Маймыл үшін аса қайғымен аяқталған бұл оқиға Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласының оңтүстігіндегі электр станциясында болған.
«Бүкіл елді тұралатты»
Содан кейін ел билігіне жарықты қалпына келтіру үшін бірнеше сағат бойы тер төгуге тура келді. Осыған орай жергілікті тұрғындар үкіметті сынап, әлеуметтік желілерде түрлі ащы пікірлер жазып жатты.
«Бір ғана маймыл бүкіл елді тұралатты. Инфрақұрылым туралы ойлайтын уақыт келген шығар?» – деп жазды X желісінде Mario Nawfal.
«Шри-Ланкада ғана бір топ маймылдың станция түбіндегі төбелесі бүкіл аралды жарықсыз қалдыра алады», – деп сынады жергілікті Daily Mirror бас редакторы Жәмила Хусейн.
Газетте дүйсенбі, 10 ақпан күні жарияланған осы мақалада мамандар бір-бірін алмастырған үкіметтерге жылдар бойы электр желісін жетілдіруді ұсынып келгені жазылды.
BBC телеарнасы 2022 жылы Шри-Ланкада жарық жиі сөнгенін, бірақ оған маймылдар емес, елдегі экономикалық дағдарыс себеп болғанын, сол кезде үкімет отынға қаражат таппағанын еске салып өтті.