![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/tajland-vetnam-bali-tuerkiya-dubaj-dominikano-egipet-1024x576.png)
Таиланд, Вьетнам, Бали, Түркия, Дубай шетелде демалуды көздеген қазақстандықтардың сүйікті бағытына айналып келеді. Ел көріп, жер көруге елімізде құмартқандардың саны жыл санап артып келе жатқаны құпия емес.
Отандастарымызды, ең алдымен, тропикалық табиғат, тарихи орындар және заманауи сәулет өнері қызықтыратыны анық.
Десе де, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген сөз бекер айтылмаса керек. Таиланд, Вьетнам, Бали, Түркия, Дубайда, яғни шетелде демалуды көздеген қазақстандық ең алдымен нені жадында тұту керек? Бұған арнайы аз-кем тоқтала кеткен жөн.
Мәселен, кейбір елдер, визасыз режимге қарсылық білдіріп отыр. Нақты айтқанда, Таиланд билігі шоттарында 4,4 млн теңгесі жоқ қазақстандықтардың Пхукет аралына кіруіне тыйым салуы мүмкін.
Өзгеше асқа әзірлік
Таиланд, Вьетнам, Бали секілді Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне барғысы келген қазақстандықтар біздегідей қой, сиыр етін кез келген жерден тапсырыс бере алмайтынын ұғынғаны жөн. Тамақтарында шошқа еті көп қосылады. Тауық еті мен балық етін көбірек тұтынуға тура келеді.
Теңіз өнімдерін жемейтін адамдарға да демалыс қиындық тудыруы ғажап емес. Ал жаңа әрі өзгеше ас мәзірін татып көргенді ұнататындар үшін таптырмайтын сапар болмақ.
Орта есеппен шетелге саяхаттың бағасы он күнге екі адамға бір миллион теңгеге жуықтайды. Қалтаңыздың қалыңдығына байланысты, бұл қаражатты үнемдеуге де, ұмытылмас естелік үшін бұдан артық жұмсауға да болады.
Бір мың АҚШ долларын алып шықсаңыз, екі адамның тамағына жетіп артылады. Ештеңеден бас тартпай, қалағаныңызды ішіп-жей аласыз.
Таиланд
Таиланд елі жастарға көбірек ұнайды. Индонезия, Бали және Вьетнам тәрізді өзге де тропикалық елдерге барған қазақстандықтар көбіне бұл елдерді Таиландпен салыстырады.
Қазақстандық жастар Таиландты өзге Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен бір бас жоғары санайды. Оған негізде жоқ емес. Өйткені, жастар үшін таптырмайтын демалыс орындары көп. Емін-еркін жүріп тұруға, таңға дейін көңіл көтеруге болады. Түнгі өмір, түрлі көңілді кештер және тағысын тағылар. Ешқандай шектеу жоқ. Таиландта әр адам өзіне қызық болатын ермек таба алады.
Қалтаңыз көтерсе, екі жарым мың долларға Таиландқа ұшып барып, ұмытылмас әсер алып, көңіл көтеріп қайта аласыз.
Вьетнам
Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің ішінде Таиландпен салыстырғанда, Вьетнам арзанға түседі. Десе де, Вьетнамның өзінде де аралдардағы көрікті туристік орындағы баға удай. Басқа жағалаудағы бағадан 30-40 пайызға қымбаттырақ.
Ашығын айтқанда, Вьетнам туризм саласын енді ғана қолға алып жатыр. Вьетнам елі – отбасылық демалыс үшін таптырмас жер. Сондай-ақ ересек буын үшін де жағымды. Яғни у-шуы, азан-қазаны жоқ.
Оның үстіне, Вьетнамда түнгі оннан кейін барлық жерр жабылады. Сондықтан күніңді алдын ала жоспарлап, керек-жарақ, ас-ауқаттыңызды ертерек алып қойған абзал. Бұл, әсіресе, Фукуок аралына қатысты.
Ескере кететін бір жайт, Вьетнамда қызмет көрсету енді ғана қолға алынып жатқаны аңғарылады.
Бали
Бали – көркіне көз тоймайтын ғажайып ел. Табиғаты кез келген адамды тамсандырмай қоймайды. Аң-құстары мен жасыл-желегі де өзгеше. Басқа әлемге тап болғандай әсер сыйлайды. Көрікті мекендері өте көп. Ерекше ас мәзірлері де есіңізде ұзақ қалады. Таңғы астары өнер туындысын еске түсіреді.
Бали Оңтүстік Шығыс Азияның өзге де туристік елдерімен салыстырғанда қымбатырақ. Десе де, баға бәрі де салыстырмалы түрде. Таңдаған орныңызға байланысты. Қалтаңызға қарай бассейні бар жеке вилла жалдауыңызға да болады. Бірақ онда жатқан жеріңізді өзіңіз тазалап, тамақ пісіресіз. Алайда ақысын төлесеңіз, аспаз бен тазалықшыны табуға болады.
Қонақүйлерде қызмет көрсету деңгейі кез келген адамның көңілінен шығады. Таиланд пен Вьетнамнан бір бас жоғары десек те, қателеспейміз.
Балидің жағымсыз тұсы да жоқ емес. Табиғатын көздің қарашығындай саф қалпында ұстауға тырыспайды. Сондықтан лас, қоқыс жерлерді көрсеңіз, таңырқамаңыз.
Түркия
Таиланд, Вьетнам, Бали, Дубай секілді елдердің ішінде қазақстандықтар үшін Түркияның мәдениеті жақынырақ екені құпия емес. Сондықтан ас-судан тарықпайсыз.
Түркиядағы демалыс орындарында көбінде all inclusive жүйесі қолданылады. Қонақүйлер көрсететін кейбір қызметтер, тамақ пен сусындар тегін беріледі. Десе де, жастар мұны ұната бермейді. Өйткені туристер ұдайы қонақүйдің төңірегінде қалып қояды. Мәселен, Антальяны аралап көруге мүмкіндік бола бермейді. Қала қашық.
Ал Таиланд, Вьетнам, Балиде сыртқа шығып, қыдырып, өзге жерден тамақтануға болады. Түркияда туристер аздап қонақүймен шектеліп қалады. Дегенмен Түркияның өз артықшылықтары бар. Мәселен, тарихи орындар өте көп. Содан кейін қызмет көрсету деңгейі өте жоғары.
Түркияда Памуккале, Клеопатра хауызы және де өзге де көне қалалардың орны отандастарымызды қатты қызықтырады.
Таза және жайлы болуы үшін төрт немесе бес жұлдызды қонақүйлер таңдалады. Теңіз суына суына түсу үшін теңіз жағасына жақындығы да өте маңызды.
Дубай
Дубай қазақстандықтарды қарқынды дамуымен қызықтырып отыр. Біріккен Араб елдерінің ас-суы да көп жағдайда біздің туристерге ұнамауы мүмкін екенін ескерген жөн. Ал бюджеттік саяхатты ұнататындар, он-он бірден кейін қоғамдық көліктер тоқтайтынын, ал таксидің өте қымбат екенін ескеруі тиіс.
Дубай – мұсылман елі. Заңдары да шариғатқа негізделгенін ұмытпаған абзал. Рамазан айында саяхаттап барсаңыз, көшеде су, тамақ ішуден тартыну қажет. Өйткені полиция ұстап әкетуі әбден мүмкін. Ішімдік ішіп, көшеде жүру де заң бұзу болып есептеледі.
Жалпы қай елге барсаңызда, заңдарын бұзбауға, құрметтеуге дайын болыңыз.
Мысыр
Бұл елде шетелге жиі шығатын қазақстандықтарды теңіз қатты қызықтырады. Теңіздің астындағы әлемнің ғажап бояуы керемет әсер тарту етеді. Кораллдар мен теңіз жан-жануарларының сан түрлілігі таңдандырады. Бірақ қызмет көрсету саласы өзге елдермен салыстырғанда осалдау.
Танымал курорт Шарм эл Шейх Азия құрлығында болса, Мысырдың басты тарихи ескерткіші – пирамидалары африкалық бөлігінде орналасқан. Сондықтан ұзақ жол жүруге тура келеді. Пирамидаларды көру үшін арнайы жолға шығу қажет болады. Бұл да жайсыздық тудырады.
Баға әр алуандылығы
Таиланд, Вьетнам, Бали, Түркия, Дубай болсын, шетелде демалу үшін қалтаңызға қарай таңдау бар. Туристік компаниялар түрлі нұсқаларды ұсынады. Арзанға түсетін турлар да бар. Тіпті, теңіздің суы мен табиғат ортақ болғанымен, тұратын жеріңіздің жағажайдан жақындығы мен қашықтығы да бағаға әсері мол. Туристік қаладан он күнге екі адамға арзанырақ қонақүйден жатын орын жалдауға болады. Бірақ жағалауға дейін бір-екі шақырым жаяу жүруге тура келеді. Жағалауға жақын қонақүйлер желісі әрқашан қымбатқа түседі. Бұл жерде ірі отельдер орналасқан. Сондықтан бағасы да арзан болмайды.
Мұның алдында Малайзияға турсыз барудың жолдары жөнінде жаздық.