Porsche компаниясы электромобильдерден бас тарта бастады

Жарияланды 11 Ақпан 2025 11:02

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Porsche іштен жанатын қозғалтқыштарға инвестиция салды / Фото: porsche.com

Спорттық көліктер шығаратын танымал неміс холдингі Porsche жанармай және гибрид қозғалтқыштарға қайта оралмақ. Компания даму жоспарын өзгертетінін хабарлады. Volkswagen AG құрамына кіретін холдинг электромобильдерге қатысты саясатын өзгертпек.

Қайтадан іштен жанатын, яғни жанармай қозғалтқыштарға көшу өткенге оралу ма?

Өндіруші аккумуляторға негізделген электрокөлік сегментінің баяу дамуына байланысты осындай шешім қабылдаған. Бренд жанармай мен гибрид қозғалтқыштар негізіндегі жаңа автокөліктер шығаруды, арнайы эксклюзивті сериялар өндірісін кеңейтуді жоспарлап отырғанын ресми түрде мәлімдеді.

Инвестиция көлемі

Осылайша шамамен 800 млн еуро жанармаймен жүретін жаңа автомобильдер өндірісіне жұмсалмақ. Бұл қомақты қаржы жоспардан тыс инвестиция болмақ. Сондықтан сарапшылар алдағы уақытта Porsche табысы төмендейді деп есептейді. Сәйкесінше 40-41 млрд доллар пайдаға қарамастан, маржа 10-12%-ға дейін азаяды деген болжам бар. Бұл мақсатты 17-19%-дан әлдеқайда төмен. Қазірдің өзінде қаржылық нәтижелердің құлдырауына байланысты Porsche топ-менеджерлерін жұмыстан шығара бастады.

Мәселен, брендтің қаржы директоры Лутц Мешке мен сату бөлімінің басшысы Детлев фон Платенді жұмыстан шығару туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл қадамға Porsche компаниясының EV стратегиясына қатысты ішкі келіспеушіліктері және көрсеткіштердің төмендеуі ықпал еткен.

Былтырғы көрсеткіштер

2024 жыл сәтсіз болжамдар жылы болғанымен, Porsche Volkswagen тобында ең үлкен пайда тапқан өндіруші атанды. Дегенмен стратегияның өзгеруі инвесторлардың көңіл-күйіне әсер етті. Жуырда ғана жарияланған 2024 жылдың есебінен кейін акциялар бірден жеті пайызға төмендеп, бір акция үшін 55,5 еуроны құрады. Авто өндіруші өткен аптада сауда-саттықты 2022 жылдың күзіндегі IPO-дан кейінгі ең нашар нәтижемен жапты. Кейін акциялар бағасы қайта 28%-ға өсті.

2030 жылға дейінгі стратегия

Porsche компаниясының бастапқы стратегиясы 2030 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқыштарды кезең-кезеңмен шығаруды және оның модель диапазонының 80%-ға дейінін электр қуатына ауыстыруды қамтыды. Алайда аккумуляторлы көліктер нарығының тартымдылығының төмендеуіне байланысты жоспарларды түзетуге тура келді.

Тіпті Macan брендін қайта бензин қозғалтқыштармен шығаруды жандандыру жоспарланып отыр.

«Бұған компания көліктерінің жалпы сатылымы көлемінің төмендеуі, әсіресе электрлік Taycan седандарының сатылымының құлдырауы әсер еткен», – деп жазады Autocar порталы өз дереккөзіне сілтеме жасап.

Porsche Macan екінші буыны 2024 жылдың шілдесінде дебют жасады. Содан кейін көлік толығымен электрокар болып шығарылды, ал бензин нұсқасының өндірісі тоқтатылды. Бұған дейін Taycan седандары да дәл осылай электрленген болаты.

Еске сала кетсек, Porsche Automobil Holding SE немесе Porsche SE — Volkswagen AG автомобиль концернін бақылайтын неміс автомобиль холдингі. Топ Volkswagen Passenger Cars, Audi, SEAT, Skoda, Bentley, Bugatti, Lamborghini, Porsche, Ducati, Volkswagen Commercial Vehicles брендтерімен автомобильдер шығарады. Әлемдегі ең ірі қоғамдық компаниялардың тізімі Forbes Global 2000-да 2022 жылы холдинг 673-ші орынды иеленді.

Сондай-ақ оқыңыз