Freedom Holding акциялары Нью-Йорк биржасында жаңа рекорд орнатты

Жарияланды
Freedom Holding-тың Nasdaq-тағы акцияларының құны өсті / Фото: shutterstock

Freedom Holding акциялары Nasdaq-та жаңа тарихи рекорд орнатты. Бір акция бағасы 159,4 долларға бағаланып, жыл басынан бері құны 22%-ға өсті.

Қаржыгерлердің түсіндіруінше, бұған компанияның тоқсандық нәтижелерінің өте жақсы болуы (өткен тоқсанда кіріс 57%-ға өсті) және экожүйе пайдаланушылары санының айтарлықтай артуы әсер еткен.

Freedom Holding Corp. ресми мәліметіне сенсек, 2025 фискалды жылдың ІІІ тоқсанында компания түсімі 655 млн долларды құрады. Оның ішінде таза пайда 78,1 млн долларға жетті.

«59,4 млн дана акциялардың базалық орташа өлшемді санына сүйене отырып есептелген холдинг акциясының пайдасы – 1,32 доллар. Холдингтің 60,5 млн дана көбейтілген орташа өлшемді акциялар санынан есептелген акциясының пайдасы – 1,29 доллар», – деп жазылған компания хабарламасында.

Холдинг активі 9,135 млрд долларға тең. Міндеттемелер 7,872 млрд долларға дейін көтерілді. Freedom Holding брокерлік клиенттік шоттарының саны да артты. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы есеп бойынша, брокерлік клиенттері 618 мың болды. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 63 мыңға артық.

Freedom Telecom Holding осы жылға үлкен жоспарлар қойып отыр. Компания Батыс-Шығыс ұлттық талшықты-оптикалық гипермагистралі мен Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) салмақшы. Жақында осыған қатысты Цифрлық даму министрлігімен келісім жасап, меморандумға қол қойған еді.

Сондай-ақ оқыңыз