Жылдамдық, бедел, сенімділік: көлік түсі иесінің психологиясынан хабар береді

Жарияланды 21 Ақпан 2025 08:54

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Көлік түсі жүргізуші туралы қандай ой қалыптастырады? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Көлік түсі жүргізуші туралы қандай ой қалыптастырады? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Көліктің түсі – бұл жай ғана эстетикалық таңдау емес. Ол жүргізушінің мінезін, қоғамдағы орны мен беделін көрсетіп қана қоймай, жолдағы қауіпсіздік деңгейіне де әсер ететін таңдау. Қай түстер ең қауіпсіз деп саналады? Ал қандай реңктер динамика, сенімділік немесе премиум-класс көліктерімен байланысты? Осы сұрақтарға Kursiv.Мedia тілшісі  жауап іздеп көрді.

Көлік түсі иесі туралы қандай ой қалыптастырады?

Адамдар көлік сатып аларда өз мінезі мен өмір салтына сәйкес түсті саналы немесе бейсаналы түрде таңдайды.

Психологтар мен маркетологтар түстердің адам психологиясына әсерін зерттеп, келесідей қорытынды жасаған:

  • Қара – биліктің, беделдің және сенімділіктің символы. Қара көліктерді көбінесе іскерлік ортадағы адамдар мен саясаткерлер таңдайды.
  • Ақ – тазалықтың, тәртіптің және заманауилықтың белгісі. Ақ көлік иелері әдетте ұқыпты, жаңашыл және минимализмді ұнататын жандар.
  • Қызыл – динамика мен құштарлықтың көрінісі. Қызыл көліктерді өзіне сенімді, жылдамдықты және назар аудартуды ұнататын адамдар таңдайды. Бірақ бұл түстегі көліктерді жол полициясы жиі байқайды.
  • Көк – тұрақтылық пен сенімділіктің белгісі. Көк көлік иелері байсалды, сабырлы әрі жауапкершілікті адамдар ретінде қабылданады.
  • Сұр және күміс – прагматизм мен ұстамдылықтың түсі. Сұр көліктерді көп жағдайда ерекшеленуді қаламайтын, бірақ практикалық және сенімді шешімдерді таңдағанды ұнататын адамдар мінеді.

Қауіпсіз және қауіпті түстер

Зерттеулерге сүйенсек, көлік түсі жолдағы апат қаупіне ықпал етеді. Бұл көбіне оның көзге қаншалықты анық көрінетініне байланысты.

Ең қауіпсіз түстер:

  • Ақ – кез келген ауа райында және тәуліктің кез келген уақытында көзге жақсы түседі.
  • Сары және қызғылт сары – жедел қызмет көліктерімен ассоциацияланады және тұманды ауа райында да анық көрінеді.
  • Сұр және күміс – ылғалды асфальтта аздап байқалмай қалуы мүмкін, бірақ қара түске қарағанда қауіпсіздеу.

Ең қауіпті түстер:

  • Қара – түнде, жаңбырда және қарлы ауа райында жолда өте нашар көрінеді.
  • Қою көк, қою жасыл – айналадағы табиғи түстермен сіңісіп, әсіресе ымыртта көзге түспей қалуы мүмкін.
  • Қызыл – ашық болғанымен, жол белгілері мен бағдаршамның қызыл түсімен үндесіп кетуі мүмкін.

Түстер премиум, динамика немесе сенімділікпен байланысты

Автокөлік өндірушілері түстер палитрасын тұтынушылардың психологиясына сәйкес мұқият таңдайды.Мәселен қара, қою көк, күміс, інжу ақ – премиум түстер саналады. Бұлар көбінесе люкс санатындағы көліктерде кездеседі және беделділікпен байланыстырылады.

Мысалы  қызыл, қызғылт сары, ашық көк – динамикалық реңктер саналады. Мұндай түсті көліктерді жылдамдық пен спорттық стильді ұнататын жүргізушілер таңдайды. Ал көк, сұр, ақ – сенімді түстер саналады. Олар тұрақтылық білдіреді және күнделікті тұрмыстық жағдайда кір көтерімді. Сондықтан жанұялық және іскерлік көліктердің түсі жиі осындай болып келеді.

Сонымен қатар көлік түсі салонның ішкі температурасына әсер етеді. Кейбір түстер күн сәулесін көбірек сіңірсе, басқалары керісінше оны шағылыстырады. Атап айтқанла, қара және басқа қою түстер жазда көліктің ішін тез қыздырады. Ақ, күміс және ашық түсті көліктер жылуды аз сіңіреді, сондықтан ыстық ауа райында ыңғайлырақ саналады.

Автокөлік өндірушілері түстерді қалай таңдайды?

Көлік түстері трендке ғана емес, тұтынушылардың талғамына, мәдениетке және нарық сұранысына байланысты таңдалады. Мәселен Еуропа мен АҚШ-та ең танымал түстер – күміс, ақ, қара. Бұл ретте Азияда ашық түстер (қызыл, алтын, көк) жиі кездеседі.

Көлік түсі қайта сату бағасына әсер ете ме? Кейбір түстер автоны қайта сатқанда бағасына айтарлықтай ықпал етеді. Нарықта белгілі түстерге сұраныс жоғары болса, кейбіріне сұраныс аз болғандықтан арзандап кетеді.

  • Ақ, сұр, қара және күміс түстер – тез сатылады және құнын сақтап қалады. 
  • Қызыл, көк, жасыл – кейбір аймақтарда аз сұранысқа ие, сондықтан бағасы төмен болуы мүмкін.
  • Ашық және ерекше түстер (сары, күлгін, қызғылт сары) – ерекше стильді ұнататын адамдарға тартымды, бірақ сатып алушыны тез табу қиын.

Реңктер көлік санатына да сәйкес таңдалады 

  • Спорттық көліктер көбінесе – қызыл, қызғылт сары, сары, ашық көк (жылдамдық пен динамиканы көрсетеді) болып келеді. 
  • Премиум және бизнес-класс – қара, қою көк, күміс (бедел мен байсалдылықты білдіреді) түстерде болады.
  • Жол талғамайтын көліктер (SUV, кроссоверлер) – жасыл, сұр, қоңыр, хаки (табиғатпен байланысты, сенімділік пен шыдамдылықты көрсетеді) болып келеді.
  • Электромобильдер көбінесе – ақ, көк, күміс (заманауилық пен экологиялық тазалықты көрсетеді) түсті болады.

Көлік түсіне қатысты мифтер көп

Кейбір танымал мифтерді талдап, шындыққа сәйкес келе ме, жоқ па, соны түсіндіруге болады.

  • «Қызыл көліктер жиі апатқа ұшырайды» – миф, мұны растайтын нақты статистика жоқ.
  • «Қара көліктерді күтіп ұстау қымбат» – жартылай рас, себебі оларда шаң мен сызаттар көбірек байқалады.
  • «Ақ көліктер арзан көрінеді» – қате түсінік, өйткені премиум брендтерде қымбат інжу ақ түстер қолданылады.

Көлік түсі – тек талғам мәселесі емес. Ол жүргізушінің мінез-құлқын көрсетіп қана қоймай, көліктің жолдағы қауіпсіздігіне де әсер етеді. Егер сізге статус пен бедел маңызды болса – қара немесе күміс түсті таңдаңыз. Егер қауіпсіздік басты орында болса – ақ немесе сары түстер тиімді. Ал ерекшеленуді ұнатсаңыз – қызыл немесе ашық көк түстер сіздің даралығыңызды айқындай түседі.

Еске сала кетсек, жуырда BASF химиялық концернінің сарапшылар былтырғы жылдың ең танымал темір тұлпар түстерін атаған еді.  Олардың есебіне сүйенсек бүгінде сары түс сәнге айнала бастады. Ал ақ бұрынғыдай ең сұранысқа ие болса, заманауи көліктердің арасында көк те танымал бола бастады.

Сондай-ақ оқыңыз