eSIM қалай жұмыс істейді әрі саяхатшыларға не үшін керек болады?

Жарияланды 27 Ақпан 2025 08:02

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

eSIM қалай жұмыс істейді әрі саяхатшыларға не үшін керек болады?
eSIM деген не? / Фото: shutterstcok, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Саяхат кезінде мобайл байланыс өте маңызды. Өйткені басқа елге барғанда ең керегі — интернет. Әуежайдан түскен бойда такси шақырудан бастап, қонақүй брондап, картаны ашып қарап, үйге тамақ алдыру үшін байланыс қажет. Өз еліңіздегі оператордың ұсынған роумингі көбіне қымбат болып жатады. Сондықтан жергілік жердің сим-картасын сатып алуға мәжбүр боласыз. Бірақ олай әуре болғыңыз келмесе, eSIM орнатып ала аласыз. Ол қандай технология? Саяхат кезінде ол несімен ыңғайлы болады? Kursiv Media тілшісі пайдалы гайд әзірледі.

eSIM деген не?

eSIM (Embedded SIM) — әдеттегі физикалық SIM-карталардың орнын басатын, смартфон ішінде енгізіліп тұратын SIM-карта. Яғни ол чипі бар пластика карта емес, телефон, планшет, смарт-сағат не тіпті ноутбуктың ішіне бағдарламаланып қойған модульден тұрады. Оның қалай жұмыс істейтініне тоқталайық:  

Жұмыс істейтін принципі өте қарапайым: оператор сізге QR-код немесе іске қосатын арнайы код береді. Соны қолданушы скан жасайды, болмаса қолмен жазып енгізеді. Одан соң оператордың профайлы құрылғыда ашылады да, бірден қолданып кете бересіз. Барлық дерек құрылғының қорғаулы жадында сақталады. Соның арқасында физикалық сим-картадан гөрі eSIM операторын ауыстырған өте ыңғайлы. Қажет кезде басқасына ауыса саласыз.  

eSIM саяхатшыларға несімен қолайлы?

Егер сіз бұрын-соңды шетелге шығып көрмеген болсаңыз, онда eSIM сізге өте ыңғайлы болады. Өйткені елдегі операторыңыз өте аз гигабайтты қымбат бағаға сатады. Роумиң қосып ұтылып қалуыңыз мүмкін. Олай болса, eSIM несімен қолайлы екенін айтайық:

  • Жергілікті SIM-картаны іздеп жүрмейсіз – басқа елге бармай жатып-ақ смартфоныңызда eSIM қосып қоюға болады. 
  • Ұшақтан түсе сала, интернет қосулы тұрады – яғни eSIM қосып қойсаңыз, әуежайда тегін Wi-Fi іздеп не сим-карта сататын жер қарап әуре болмайсыз.
  • Оператор таңдау ыңғайлы болады – сізге қалауыңызға қарай таңдай алатын бірнеше тариф ұсынылады. Қанша күн қалатыныңызға қарай таңдап аласыз. Тарифтердің бағасы әр елде әр түрлі, бағасы да құбылып тұрады. 
  • Өз нөміріңіз де қосулы тұра береді – егер смартфоныңызда бірнеше eSIM-профайл қосып қоюға болатын мүмкіндік бар болса, онда бір уақытта өз сим-картаңызды да, халықаралық eSIM-ді де қолдана аласыз. Соның арқасында мобайл банкиң не басқа да мақсаттарға өз сим-картаңызға код келетін кезде еш кедергісіз қолдана бересіз. Мұнысы өте қолайлы.
  • Қауіпсіз – eSIM-ді түсіріп алу, жоғалтып алу мүмкін емес. Физикалық сим-карта секілді сынып қалады деп қорықпайсыз.
  • Ақшаға үнем – халықаралық eSIM-профайлдары көбіне өз операторыңыз ұсынатын дәстүрлі роумиңнен әлдеқайда арзан болады. 

eSIM туралы қызық фактілері

  • eSIM қосылған алғашқы смартфон – бұл технология 2018 жылы алғаш рет iPhone XS-пен бірге шықты. 
  • Смарт-сағаттарға да қосылады – Apple Watch пен Samsung Galaxy Watch-тың кей нұсқаларында eSIM телефонсыз-ақ автоном режимде жұмыс істей береді.
  • Қолайлы – бір телефонда бірнеше eSIM-профайл бола береді. Саяхатшылар мен бизнесмендерге мұнысы өте ыңғайлы болатыны анық.
  • Танымал – аналитиктердің болжамына сүйенсек, 2025 жылы мобайл операторлардың басым көпшілігі толықтай  eSIM-ге ауысады деседі.
  • Кей елдерде eSIM қолдануға қатысты шектеу қойылған – мысалы Қытайда әлі күнге дейін бұл технологияға рұқсат жоқ. Сондықтан бұл жаққа барсаңыз, физикалық карта қолданасыз.
  • Ноутбуктерде де ашылады – кейінгі ноутбуктердің нұсқаларында (мысалы Microsoft Surface немесе Lenovo ThinkPad сияқты) мобайл интернетке арналған eSIM қосулы. 

Саяхатқа шығарда қалай таңдау керек?

  • Құрылғыңызда eSIM бар ма, тексеріп алыңыз – өйткені кей смартфонда бұл технология жоқ.
  • Провайдер таңдаңыз – әл елде өз операторлары болады. Сонымен бірге жаһандық сервистерді де таңдай аласыз. Мәселен Airalo, Holafly, Nomad деген секілді. 
  • Тарифтерді қарап, салыстырыңыз – саяхатыңыз қанша уақытқа созылатынына қарай таңдап алыңыз. Бірнеше күндік тариф жақсы ма, әлде гигабайтқа төлеген ыңғайлы ма белгілі болады.
  • Профайлыңызға eSIM-ді алдын ала жүктеп қойыңыз – барынша ертерек қамданғаныңыз өзіңізге жақсы. Сонда түскен бойда интернетке кедергісіз қосыласыз.

eSIM-ді қалай қосамыз?

  • Таңдаған операторыңыздың сайтынан не мобайл қолданбасынан eSIM сатып алыңыз. 
  • Іске қосу үшін QR-код алыңыз.
  • Құрылғының баптауларына кіріп, «Желі байланысы» → «Тариф қосу» деңіз.
  • QR-кодты скандап, нұсқаулық бойынша жасап шығыңыз. 
  • Байланыс деректері қосылып тұрғанына және өзіңізге керек eSIM профайл қосылу екеніне көз жеткізіп алыңыз.

eSIM: артықшылықтары мен кемшіліктері 

Артықшылықтары:

  • Жергілікті сим-карта іздеп жүрмей-ақ, басқа елге бармай жатып қосып алуға болады.
  • Операторларды оп-оңай ауыстыра аласыз.
  • Физикалық сим-карта секілді алып жүрудің қажеті жоқ.
  • eSIM қолданған кезде өз сим-картаңызды да қатар қосып қоюға болады. Смс пен қоңырау сол нөміріңізге келе береді. 
  • Роумиңнен үнемдейсіз.
  • eSIM-ді ешкім ұрлап кете алмайды, жоғалмайды, сынбайды.
  • Оператор түрі де, тариф те көп.

Кемшіліктері:

  • Оператордың барлығында бірдей eSIM бола бермейді.
  • Кейде eSIM ұсынған тариф жергілікті сим-карталардыкінен қымбат болуы мүмкін.  
  • Кей жағдайларда е-симді қосу үшін интернет керек болуы мүмкін. Сондықтан басқа елге бармай жатып қосып алу керек дейміз.
  • Кей елдерде eSIM қолдануға тыйым салынған болуы мүмкін.
  • Кей арзан смартфондарда eSIM болмайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін саяхатқа шыққанда ақшасыз қалмау үшін назарда ұстауыңыз керек басты дүниелер туралы жазғанбыз. Шетелге шыққанда осы ережелерді ойда ұстауға кеңес береміз. 

Сондай-ақ оқыңыз