Денсаулыққа мониториң жасауға көмектесетін 2025 жылғы үздік 5 гаджет

Жарияланды 26 Ақпан 2025 16:01

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Денсаулыққа мониториң жасауға көмектесетін 2025 жылғы үздік 5 гаджет
Денсаулыққа мониториң жасауға көмектесетін 2025 жылғы үздік 5 гаджет / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазіргі заманауи гаджеттер денсаулығыңызға қараса алады. Смарт-сағаттар, фитнес-трекелер мен медициналық құрылғылардың арқасында қандағы оттегі деңгейін біліп, жүрек соғысын санап, күйзелісте жүрген-жүрмегеніңізді бағамдап отыруға болады. Кейбірі тіпті ЭКГ жасай алады. Бүгінгі материалымызда денсаулыққа мониториң жасауға көмектесетін гаджеттерге шолу жасаймыз.

1. Apple Watch Series 9

Дизайны туралы

Apple Watch Series 9 минимализм стиліндегі, дизайны әдемі, сенсор экраны бар сағат. Бұған дейінгі эпл-уатчтардан гөрі мықтырақ дамытылған. Сағаттың неше түрлі бауы бар, көлемі де әр түрлі.

Денсаулыққа пайдалы функциялары

  • ЭКГ (электрокардиограмма) – жүрек қағысын өлшеп, фибрилляция белгілері байқалса, бірден ескертеді.
  • Қандағы оттегіні өлшейді (SpO2) – спортпен айналысатындарға және тыныс алуға қатысты проблемасы бар адамдарға пайдалы функция.
  • Ұйқыны қадағалайды — ұйқы фазаларына анализ жасап, қалай жақсартуға болатынына нұсқау береді.
  • Температура өлшейді — дене қызуы өзгерсе, бірден белгілеп отырады.
  • Тыныс жаттығуларын жасау керегін еске салып отырады. Соның арқасында күйзеліс азайып, концентрация жақсарады.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Жақсы тұстары:

  • Сенсорлары өте сезімтал
  • iPhone-мен керемет үйлеседі
  • Интерфейсі ыңғайлы, Apple Health деген қолданбада барлық дерек тұрады

Нашар тұстары:

  • Қуаты жылдам отырып қалады (18 сағатқа дейін)
  • iOS қолданушылары ғана ұстай алады

Түйін

Apple Watch Series 9 – денсаулыққа мониториң жасауға арналған үздік гаджеттердің бірі. Әсіресе, iPhone ұстайтындарға керек болады. Физикалық белсенділігіңізді, жүрек соғысын назарда ұстайды.

2. Oura Ring Gen 3

Дизайны туралы

Oura Ring – шап-шағын, сақина түріндегі құрылғы. Саусаққа таққанда тіпті білінбейді. Бір қарағанда әшекей ретінде таққандай көрінуі мүмкін. Бірақ ішінде қуатты датчиктер бар.

Денсаулыққа пайдалы функциялары

  • Ұйқы мен ағзаны қалыпқа келтіру үшін үнемі бақылауда ұстайды. Ұйқы фазаларына анализ жасап, нұсқау беріп отырады.
  • Жай отырған кезде жүрек қағысының санын есептейді. Сол арқылы күйзеліс деңгейін анықтауға көмектеседі.
  • Дене қызуына анализ жасайды. Жалпы жағдайыңызды бақылауға таптырмайтын функция.
  • Белсенділік деңгейіне мониториң жасайды. Жүктеме мен демалыс арасындағы балансты бағалайды.

Артықшылықтары мен кемшіліктері 

Жақсы тұстары:

  • Ұзақ уақыт бойы жұмыс істейді (бір қуаттаған соң 7 күндей істей береді)
  • Салмағы жеңіл
  • Ұйқыға дәл анализ жасайды

Нашар тұстары:

  • Смарт-сағаттармен салыстырғанда ішіндегі функциясы санаулы
  • Экран жоқ, сондықтан деректерді смартфоннан ғана қарап отыру керек

Түйін

Oura Ring – денсаулығына қарайтындарға керек гаджет. Әсіресе, күйзеліс деңгейі мен ұйқысын қадағалағысы келетіндерге жақсы болады.

3. Withings ScanWatch 2

Дизайны туралы

ScanWatch 2 дизайны жағынан классик механикалық сағатқа ұқсайды. Бірақ ішінде заманауи технологиялар бар. Сондықтан өте стайлиш аксессуар десек болады. Әдетте смарт-сағаттар көбіне спорт не кәжуал стильге үйлесетінін ескерсек, бұл сағатты кәстөм-шалбармен тағуға да болады. 

Денсаулыққа пайдалы функциялары

  • ЭКГ – жүрек жұмысын қадағалап отырады. Әлдебір ауытқыған белгі білінсе, бірден ескертеді. 
  • Қандағы оттегіні өлшейді. Тыныс жолында проблемасы бар адамдарға керек.
  • Ұйықтап жатқандағы тынысыңызды тексереді. Жалпы ұйқыңызды қадағалайды. Сол арқылы апноэны алдын-ала анықтайды.
  • Физикалық белсенділігіңізді бақылайды. Қадам санағыш бар, жаттығуларға анализ жасайды.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Жағымды тұстары:

  • Қуаты ұзаққа жетеді (бір айдай)
  • Медициналық көрсеткіштері өте дәл
  • Дизайны әдемі

Нашар тұстары:

  • Фитнес-қолданбалармен интеграциясы шектеулі. Бәрімен бірдей сәйкесе бермейді
  • Бағасы қымбат

Түйін

Withings ScanWatch 2 классикалық стиль мен заманауи бағытты қатар алып жүргісі келетіндерге әдемі үйлеседі.

4. Fitbit Sense 2

Дизайны туралы

Fitbit Sense 2 – салмағы жеп-жеңіл, өзі өте ыңғайлы, AMOLED-дисплейі бар ақылды сағат. Интерфейсі түсінікті, қуаты 6 күнге жетеді.

Денсаулыққа пайдалы фукнциялары

  • ЭКГ мен жүрек ритміне мониториң жасайды
  • Күйзеліс деңгейіне анализ жасайды (EDA-сенсор)
  • Ұйқы мен қандағы оттегіні қадағалайды. Демалыс керек кезде ескертіп отырады
  • Температура өлшейтін сенсоры бар

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Жағымды тұстары:

  • Стресс деңгейіне анализді жақсы жасайды
  • Қуаты ұзаққа жетеді
  • Деректері өте дәл 

Нашар тұстары:

  • Сырт қолданбаларға арналған мүмкіндігі шектеулі
  • Apple Health-бен байланыспайды

Түйін

Fitbit Sense 2 – күйзеліс деңгейін, ұйқы сапасын тексеріп отырғысы келетіндерге таптырмайтын гаджет.

5. BioButton

Дизайны туралы

BioButton – көлемі шағын, теріге бекітіп қоятын құрылғы. Қуаты бірнеше күнге жетеді. 

Денсаулыққа пайдалы функциялары

  • Дене қызуын үнемі тексеріп отырады. Инфекция жұққан болса, ертерек ескертеді
  • Жүрек қағысы мен тыныс ритмін тексереді.
  • Денсаулығыңыз нашарлап жатса, деректерге анализ жасап, бірден хабар береді.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Жағымды тұстары:

  • Медициналық деректері өте дәл
  • Автоном жұмыс істейді
  • Клиникалық зерттеулерде қолданылады

Нашар тұстары:

  • Экраны жоқ
  • Сабскрайп жасағандар ғана қолдана алады

Түйін

BioButton – денсаулығына кәсіби түрде мониториң жасағысы келетіндерге арналған құрылғы.

Еске сала кетсек, бұған дейін смартфондағы пайдалы функциялардың бірі — «Ата-ана бақылауы» туралы жазған едік. Балаңыздың көретін контентін бақылап, уақытын смартфон мен компьютерге үңіліп өткізбеуін қадағалау үшін қандай бағдарламаларды орнату керегін осы жерден біле аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз