Еуро сатып алу екі есе өсті. Халықтың долларға деген сұранысы төмендеп кеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Долларға сұраныс
Долларға деген сұраныс төмендеп кетті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаңтар айында ақша айырбастау пункттерінде долларды сатып алу күрт төмендеп кетті. Бұл айда қазақстандықтар 120,4 млрд теңгеге доллар сатып алған. Бұл желтоқсан айымен салыстырғанда 45%-ға аз. 2024 жыл соңында халық 175,9 млрд теңгенің долларын айырбастаған болатын.

АҚШ валютасын негізінен Алматы (30,3 млрд теңге), Шымкент (29,1 млрд теңге) және Астана (11,8 млрд теңге) қаласының тұрғындары сатып алған.

Еуроға деген сұраныс артты

Есесіне өткен айда халықтың еуроға деген сұранысы екі есе артқан. 2024 жылдың желтоқсанында тұрғындар 18,4 млрд теңгенің еуросын сатып алса, қаңтарда ақша айырбастау пункттері 35 млрд теңгенің еуросын сатқан.

Еуроны негізінен Алматы мен Астана қаласының тұрғындары сатып алды. Астаналықтар 16,4 млрд теңгенің еуросын сатып алса, Алматы қаласының тұрғындары 8 млрд теңгесін еуроға айырбастап алған.

Халық қолындағы рубльді сатып жатыр

Желтоқсан-қаңтар айларында халықтың рубльді сату тенденциясы жалғасты. Желтоқсан айында халық қолындағы 4,4 млрд теңгеге тең рубльді сатса, өткен айда бұл көрсеткіш 9,5 млрд теңгеге жеткен. Ал юань сатып алу көлемі 10%-ға өсіп, 138 млн теңгені құрады.

Жыл басында Ұлттық Банк айырбастау пункттерінде шетелдік валюталарды сатып алу және сату бағамдарының арасындағы спредті белгіледі.

Соған сәйкес, айырбастау пункттерінде долларды сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден, ал еуроны сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 10 теңгеден аспауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз