Боранбаевтар шотындағы ақша: Қазақстан Швейцарияда бұғатталған 100 млрд теңгеге таласпайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Швейцария соты бұғаттаған банк шоты Қайрат Боранбаевтың әйелінің атына ашылған / фото: ашық дереккөз

Қазақстан билігі Швейцария банкінде бұғатталған 212 млн долларға таласудан бас тартты. Мемлекеттік органдар Боранбаевтар атына ашылған банк шотындағы ақшаның заңсыз жолмен келгенін дәлелдей алған жоқ, деп жазды Vlast.kz.

Қыруар ақша кімге тиесілі?

Басылым мәліметінше, Швейцария федералдық қылмыстық соты елдің банк шоттарындағы 212 млн долларды бұғаттауға келіскен. Шоттар кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаеваға тиесілі болуы мүмкін, деп жазды басылым.

Vlast.kz осы іске қатысты сот материалдарымен танысып шыққанын, соған сүйене отырып Қазақстан ол активтерге таласуды доғарғанын хабарлады.

Қайрат Боранбаев 2022 жылғы наурызда қамауға алынған. Құқық қорғау органдары оның газ саудасына қатысты келісімдерін тексеріп, мемлекетке айтарлықтай нұқсан келтірді деп шешкен.

Үш айдан кейін, 2022 жылғы маусымда, Қазақстан билігі Швейцария бас прокуратурасына арызданып, Боранбаев пен оның туыстарына қатысы бар банк құжаттарын сұратқан.

2023 жылғы сәуірде кәсіпкерге тағылған айыптарға байланысты қосымша мәліметтер енгізе отырып, тағы бір сұрау жолдаған. Сол жылы маусымда Швейцария соты Шолпан Боранбаеваның банк шоттарын бұғаттап, құжаттарды Қазақстанға тапсыру жөнінде шешім қабылдады.

Боранбаев ісіндегі күтпеген бетбұрыс

Сол жылы Боранбаев кінәсін мойындап, тергеумен келісімге отырды. Ол алты жылға бас бостандығынан айрылды. Кәсіпкер активтерінің елеулі үлесін мемлекетке тапсыруға келісті. Кейін Боранбаевтың жазасы жеңілдеп, қалған мерзімін үйде өтейтіні хабарланды.

Содан кейін Қазақстан билігі Швейцарияға бірнеше хат жазып, Боранбаевтар отбасының осы елдегі банк шоттарындағы ақшаның заңсыз жолмен келгеніне дәлелі жеткіліксіз екенін, оған енді таласпайтынын жазған.

2025 жылғы қаңтарда Швейцария соты шоттарды бұғаттау, Қазақстанға осы іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөніндегі шешімінің күшін жойған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен туыстығы бар Қайрат Боранбаевтың 2024 жылғы қарашада Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі атанғанын мәлім болды.

Шамамен үш ай бұрын Боранбаевтан қайтарылған «Алмалы» сауда орталығының орнында 12 млрд теңгеге балаларға арналған музей тұрғызылатыны хабарланды.

Ал 2025 жылғы қаңтарда кәсіпкердің бұрынғы мұнай компаниясы «Самұрық-Қазына» қорының меншігіне 4 есе арзанға өтті.

Сондай-ақ оқыңыз