2025 жылдың басында әлемде қанша жаңа автокөлік сатылды

Жарияланды 1 Наурыз 2025 10:45

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
4 пайыздық автонесие
Әлемдегі автокөлік сатылымы бойынша көшбасшы – Қытай / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар айында әлемде 6,7 млн-нан астам жеңіл автомобиль сатылды. Мұндай деректерді GlobalData консалтингтік компаниясы келтіреді. Оның статистикасына сәйкес, қаңтарда жаһандық автонарық 1,9%-ға өсіп, 6 782 098 көлікке жетті.

Ең көп көлік сатып алатын ел – Қытай болды. Дегенмен жергі ҚХР нарығы өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда сәл төмендеді. Автомобиль сатылымы бойынша екінші орында – АҚШ, ал үшінші орынды Батыс Еуропа иеленеді.

Қытайда 1 963 464 автокөлік сатылып, бұл 2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,4% аз болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл ішкі сұраныстың тұрақсыздығымен және электр көліктеріне қатысты мемлекеттік субсидиялардың қысқаруымен байланысты.

АҚШ-та 1 108 924 көлік сатылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,5% өсті. Бұған жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, автонесиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің тұрақтануы және электромобильдерге сұраныстың артуы әсер еткен.

Батыс Еуропада 1 008 694 жаңа көлік сатылып, сатылым 3,2% азайды. Бұл аймақтағы экономикалық белгісіздік пен инфляцияның әсерін көрсетеді.

Шығыс Еуропада автонарық 2,9% төмендеп, 288 524 көлік сатылды. Оңтүстік Америкада 225 619 жаңа автокөлік сатылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,3% көп болды. Бұл аймақта экономикалық жағдайдың жақсаруы және қолжетімді көліктерге сұраныстың артуы негізгі факторға айналды.

Ірі автонарықтардың қатарына Жапония (372 441 көлік, +11,9%), Канада (111 838 көлік, +0,2%) және Оңтүстік Корея (104 042 көлік, -9,3%) кіреді. Әр елде көрсеткіш әр түрлі құбылды. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша, әлемде 88,6 млн-ға жуық жаңа автокөлік сатылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,1% көп. Оның ішінде Қытайда – 25 млн-нан астам, АҚШ-та – 16 млн-ға жуық, Батыс Еуропада – 13 млн-нан астам көлік сатылды.

Ал өткен жылғы деректерге назар аударсақ, ең көп көлік сатқан бренд – Toyota болды. Оның еншілес компанияларымен бірге жалпы сатылымы 10,8 млн автокөлікті құрады. Алайда бұл рекорд емес. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,7% төмендеген. себебі Жапонияда сұраныс айтарлықтай құлдырады. Екінші орында Volkswagen Group, ал үшінші орында Hyundai орналасқан.

Қазақстандық автонарық та әлемдік трендтерден тыс қалған жоқ. 2025 жылдың қаңтар айында елде 11 252 жаңа автокөлік сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тұрақты көрсеткіш.

Көшбасшы брендтер:

  • Hyundai – 2024 жылы 44 218 көлік сатты.
  • Chevrolet – 36 500 автокөлік сатылып, екінші орынды иеленді.
  • Kia – 24 000-нан астам көлікпен үздік үштікті түйіндеді.

Айта кететіні, әлемдік автонарықта электромобильдер өз орнын нығайта түсуде. Tesla, BYD, Volkswagen, Hyundai сияқты компаниялар электрокөліктер өндірісіне миллиардтаған доллар инвестиция салуда.

  • Қытайда электромобильдердің үлесі 30%-ға жетті, алайда субсидиялар азайғандықтан, сұраныс баяу өсіп келеді.
  • Еуропада электрокөлік нарығы тұрақты дамуда, себебі 2035 жылдан бастап бензин және дизельмен жүретін көліктерді сатуға тыйым салынбақ.
  • АҚШ-та электромобильдерге деген қызығушылық артқанымен, инфрақұрылымның жетіспеушілігі әлі де басты кедергілердің бірі.

Қазақстанда электромобильдер нарығы енді ғана дамып келеді. 2024 жылы 2 500-ге жуық электромобиль сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Алайда зарядтау инфрақұрылымының дамымауы – басты мәселе болып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандағы премиум санатындағы көліктер туралы жазған едік. Елімізде мұндай темір тұлпарларға сұраныс артып келеді. Дәулетті қазақстандықтар үшін бұл мәртебе мен қоғамдағы орнының көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыз