«Молда» рекорд жаңартуға жақын: соңғы аптада ең көп касса жинаған фильмдер

Жарияланды 4 Наурыз 2025 14:49

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Молда» фильмі рекорд жаңартуға жақын / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Молда» фильмі қазақстандық кинонарықта жаңа рекорд орнатуға жақын тұр. Екі аптада 763 миллион теңгеден астам касса жинаған бұл туынды көрермендер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.

«Молда» – 332 232 069 теңге

Фильм қоғамдағы имандылық, рухани құндылықтар, адамның ішкі жан дүниесі мен өмірлік таңдаулары туралы ой қозғайды. Діни тақырыптағы фильм болғанымен, бұл туынды тек белгілі бір топқа ғана емес, бүкіл көрерменге арналған. Себебі кино – адам жанының күресі, сенім мен күмән, дұрыс жолды іздеу секілді әмбебап тақырыптарды көтереді.

Егер «Молда» алдағы күндері осындай қарқында жалғастыра берсе, Қазақстанда ең көп табыс жинаған фильмдердің бірі атануы әбден мүмкін.

«Болмаған балалық шақ» – 138 191 625 теңге

Екінші орынға тұрақтаған «Болмаған балалық шақ» фильмі 138 миллион теңгеден астам табыс тапты. Бұл фильм туралы бұған дейін Kursiv Media рецензия жариялап, бас продюссер Ақберен Елгезекпен сұхбат жасаған едік.

Фильм балалар психологиясы, отбасылық зорлық-зомбылық және ересектердің шешімдері балалар өміріне қалай әсер ететіні туралы ауыр тақырыптарды қозғайды. Басты кейіпкер – бала Ақберен, оның өгей әкесі Тағай – зорлық пен қорқынышты бейнелейді.

«Капитан Америка» – 57 710 068 теңге

Үшінші орынды «Капитан Америка» франшизасының төртінші бөлімі иеленді. Голливудтың танымал кейіпкері – Капитан Америка бұл жолы Сэм Уилсонның бейнесінде оралды. Фильм үшінші аптада 57 миллион теңгеден астам табыс жинап, үздік үштіктен түспей келеді.

Marvel фильмдері әрдайым жоғары табыс жинайтынын ескеретін болсақ, қазақстандық кинофильмдер «Капитан Американы» басып озуы – отандық киноиндустрияның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз