Қазақстандықтар халықаралық аударымдар арқылы шетелге 789 млрд теңге жіберген

Қазақстанда 2024 жылы халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) арқылы жүргізілген транзакциялардың жалпы көлемі 1,05 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 21%-ға төмендеген.
Ұлттық банктің мәліметінше, барлық аударымдардың 97%-ы трансшекаралық операцияларға тиесілі, яғни Қазақстан мен шетел мемлекеттері арасындағы қаржы қозғалысын қамтиды.
Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша көлемі
Шетелге жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі – 789 млрд теңге, бұл ХААЖ арқылы жүргізілген барлық трансшекаралық операциялардың 77%-ын құрайды.
Қазақстаннан шетелге жасалған бір аударымның орташа сомасы – 373,6 мың теңге.
Аударымдарды қабылдаған негізгі елдер:
- Өзбекстан – 29,7%
- Ресей – 29,4%
- Түркия – 19,8%
- Грузия – 6,8%
- Қырғызстан – 3,7%
Бұл аударымдардың 83%-ы «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүзеге асырылған.
Қазақстанға шетелден келген ақша көлемі
Шетелден Қазақстанға жіберілген ақша аударымдарының көлемі – 236,8 млрд теңге, бұл трансшекаралық аударымдардың 23%-ын құрайды.
• Ақша жіберілген негізгі елдер:
- Ресей – 26,1%
- АҚШ – 13,7%
- Оңтүстік Корея – 10,3%
- Өзбекстан – 10,0%
- Түркия – 8,6%
Қазақстанға келіп түскен аударымдардың 81%-ы «Золотая Корона» және «Western Union» төлем жүйелері арқылы жіберілген.
ХААЖ-дың ерекшелігі
Халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) жеке тұлғалардың банктік шот ашпай-ақ ақша аударуына мүмкіндік береді. Негізінен, бұл жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз аударымдар, яғни туыстар мен жақын адамдарға қаржылай көмек көрсету мақсатында жасалатын төлемдер.