Рыбакина 17 жастағы ресейлік теннисшіден жеңіліп, Индиан-Уэллс турнирінен шығып қалды

Жарияланды 12 Наурыз 2025 10:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Елена Рыбакина 17 жастағы ресейлік теннисшіден жеңілді / фото: reuters

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингі – 7) Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирінің 1/8 финалында жарысты аяқтады.

Бұл кезеңде Рыбакинаның қарсыласы 17 жастағы ресейлік Мирра Андреева (11-орын) болды. Кездесу Андрееваның айқын басымдылығымен өтті. Бірінші сетте ресейлік теннисші сенімді ойнап, 6:1 есебімен жеңіске жетсе, екінші партия да Андрееваның пайдасына аяқталды – 6:2. Матчтың жалпы ұзақтығы 1 сағат 6 минутты құрады.

Осылайша, Мирра Андреева турнирдің ширек финалына шығып, енді украиналық Элина Свитолинамен (23-орын) кездеседі.

Айта кетейік, екі апта бұрын Дубай турнирінің жартылай финалында да Рыбакина Андреевамен кездесіп, үш сетте жеңілген еді.

Биыл Индиан-Уэллс турнирінің жүлде қоры 8 963 700 долларды құрайды. Жеңімпаз 1 124 380 доллар табыс тауып, 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.

Сондай-ақ оқыңыз