
23 қазанда әлемде Қар барысының халықаралық күні атап өтіледі. Экология министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аумағында шамамен 152-189 қар барысы мекендейді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қар барысы – Орталық Азияның таулы экожүйелері мен жабайы табиғатының символы. Сирек кездесетін жыртқыш Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауында.
Қар барысының халықаралық күні 2013 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен бекітілген. Бұл күннің басты мақсаты – жойылып кету қаупі төнген жануарды қорғауға қоғам назарын аудару және оны сақтау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Соңғы есептік мәліметтер бойынша, Қазақстанда 152-ден 189-ға дейін қар барысы тіршілік етеді. Мамандар бұл көрсеткішті популяцияның тұрақтылығының белгісі ретінде бағалайды. Дегенмен сирек кездесетін жыртқышты қорғау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажет.
Қазақстанда қар барысы қай жерлерді мекендейді?
Қазіргі уақытта қар барысы еліміздегі тоғыз ерекше қорғалатын табиғи аумақта кездеседі. Олардың қатарында ұлттық парктер мен мемлекеттік табиғи қорықтар бар.
Бұл аумақтар қар барысының табиғи мекенін сақтаумен қатар, таулы аймақтарда тіршілік ететін басқа да сирек жануарлар мен өсімдіктерді қорғауда маңызды рөл атқарады.
Оқи отырыңыз: Туристер үш қар барысымен бетпе-бет кездесіп қалды