Amazon басшысы Джефф Безостың сүйікті 6 кітабы

Жарияланды 17 Наурыз 2025 08:13

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Автор
Amazon басшысы Джефф Безостың сүйікті 6 кітабы / Фото: Shutterstock
Amazon басшысы Джефф Безостың сүйікті 6 кітабы / Фото: Shutterstock

Джефф Безос — аты әлемге әйгілі алпауыт Amazon компаниясының негізін қалаушы. Оған қоса кітапқұмар оқырман екені тағы бар. Сұхбаттарында ол бизнесіндегі біраз шешімді қабылдауға және көшбасшы ретінде шыңдалуына оқыған кітаптарының әсер еткенін жиі айтады. Олай болса, бизнесменге шабыт берген, көзін ашқан 6 кітапқа шолу жасайық.

The Remains of the Day – Остаток дня

Авторы: Кадзуо Исигуро

Бұл роман Букер сыйлығын иеленген. Мұнда Стивенс есімді сарай әміршісі өмірі туралы толғанады. Жасы келген қарт Англияны аралап саяхаттайды. Сапар барысында жүріп өткен жолын еске түсіреді. Бүкіл өмірін сарайдағы қызметке арнап, қожайынына адал болған ол жеке басының жағдайын ойламағанын түсінеді. Бірақ ол түсінік Стивенске тым кеш келген еді. 

Безосқа Исигуроның жазғаны қатты ұнайды. Әсіресе, өзін құрбан етіп, қызметінің жолында бәрін тәрк еткен кейіпкердің өкінішін әдемі сипаттайды дейді. Осы кітаптың арқасында Безос өмірде не маңызды екенін ойланып қана қоймай, қолайы келсе арман-тілектерді дер кезінде іске асыру керегін ұққан. Бұл туралы ол 2018 жылы The Economic Club of Washington басылымына берген сұхбатында айтқан. 

Built to Last: Successful Habits of Visionary Companies – Построенные навечно: Успешные привычки дальновидных компаний

Авторлары: Джим Коллинз бен Джерри Поррас

Бұл кітапта табысты компанияларға шолу жасалады. Тізімдегілер мол табысқа кенеліп қана қоймай, сан жыл бойы беделіне дақ түсірмеген. Авторлар 18-ден астам алпауыт корпорацияны зерттеп, құндылықтарын, инновацияларға ашықтығын, ұзақ мерзімге жоспар жасайтын қасиеттерінің құпиясын анықтаған.

Бизнесмен бұл кітапты оқи отырып, «ұлы компания жай ғана жолың болып кеткеннен құрылмайды, жүйелі жұмыс, саналы шешімнің арқасында табысқа жетесің» деген идеядан шабыт алған. Мұндағы біршама қағиданы Amazon үшін қолданған. Мысалы, клиентті басты назарға алу, болжамдарды үнемі сынақтан өткізіп құру, болашаққа бағытталған ұжым мәдениетін жасау деген қағидалар осы кітаптан кейін қолға алынған. Безос Amazon-ның топ-менеджерлеріне осы кітапты маст-рид деп бекітіп, 1997 жылы акционерлерге жазған хатында да ұсынған.   

The Innovator’s Dilemma: When New Technologies Cause Great Firms to Fail – Дилемма инноватора: Как новые технологии губят сильные компании

Авторы: Клейтон Кристенсен

Кітапта революциялық технологиялар пайда болған кезде табысты компаниялардың өзін қалай шайқалтып жіберетіні туралы жазылған. Оқып отырып, қазіргі күйбең мәселені ғана алдыңғы шепке қойып, радикал өзгерістер бола қалса не істейтінін ойластырмағаннан салдарын түсінесіз.

Бизнесмен осы кітапты оқып шыққан соң, туынды оған құдды ескерте болып көрінген. Яғни болашаққа инвестиция салмаса, дайын болмаса, он жерден компанияңыз табысты болса да, бір сәтте құрдымға кете салуы мүмкін. Өзгеріс бола қалса, бірден реакция беру, сол өзгерістерге өздері алғашқылардың бірі болып себепші болу деген ұмтылыс та осы кітаптан кейін пайда болған. Безос 2011 жылы MIT-те өткен конференцияда Кристенсеннің туындысын талқыға салған еді. 

Sam Walton: Made in America – Сэм Уолтон: Сделано в Америке

Авторы: Сэм Уолтон

Walmart негізін қалаған Сэм Уолтонның автообиографиялық шығармасы. Мұнда автор үлкен болып ашылып, кейін әлемге әйгілі желіге айналған компанияны қалай ашқаны туралы жазған. Кітапта бизнес-стратегиялары, клиенттердің көңілін қалай табуға болатыны, еңбекқорлықтың маңызы сипатталған.

Безосқа Уолтонның ұстанған философиясы, бизнесін үнемі дамытып отырғысы келетін талпынысы қатты ұнайды. Содан шабыт алып, Amazon-ның негізін қалады. Өз компаниясында да клиенттерге барынша қолайлы сервис ұсынып, бағасын қымбат қылмай, ауқымын кеңейту үшін интернет-технологияларды қолданған. Бизнесмен осы кітапты ұсынатынын Чарли Роузға берген сұхбатында айтқан. 

The Everything Store: Jeff Bezos and the Age of Amazon – Всёпродающий магазин: Джефф Безос и эпоха Amazon

Авторы: Брэд Стоун

Бұл кітапта Джефф Безостың биографиясы жазылған. Яғни Amazon қалай құрылғаны жайлы. Брэд Стоун компания эволюциясын, ұжым мәдениеті мен инновацияларға ашықтығын тыңғылықты зерттеп шыққан.

Кітапта кей аспектілер Безостың көңілінен шықпаған екен. Бірақ жалпы алғанда Amazon-ның даму барысындағы маңызды кезеңдер дұрыс сипатталған деп айтқан. Негізі Безос бұл туындыны көпшілікке ұсынбаған. Дегенмен жұбайы Маккензи Безос кітапқа ауқымды рецензия жазған еді. 

Good to Great: Why Some Companies Make the Leap… and Others Don’t – От хорошего к великому: Почему одни компании совершают прорыв, а другие нет

Авторы: Джим Коллинз

Коллинз компаниялардың жай табысты болып қоймай, ұлы корпорацияға қалай айналатынына талдау жасаған. Оған не нәрсе себеп болады деп зерттей келе, басты факторларды тізіп шығады. 

Безосқа ұлы компания құру үшін «дұрыс адамдар» тауып алу өте маңызды деген идея қатты ұнаған. Сондай адамдар табылған соң ғана, қай бағытта дамуға болатынын талқылауға болады деседі. Міне, осы қағиданы ұстанған ол Amazon-ның кадр саясатын жасап шығарған. Көшбасшы ретінде ой-өрісін кеңіткен кітап деп Безос осы туындыны акционерлерге жолдаған хаттарында бірнеше рет ұсынған екен. 

Еске сала кетейік, бұған дейін біз Microsoft корпорациясының негізін қалаушы әрі экс-директоры, филантроп, қоғам қайраткері Билл Гейстің сүйікті 4 кітабы туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз