Картаға аударған ақшаның қай түріне салық салынбайды

Аудитор әрі салық кеңесшісі Рабиям Серікбаева картаға аударған ақшаның қай түріне салық салынбайтынын түсіндірді. Сарапшы құнды кеңесін әлеуметтік желіде жариялады.
Серікбаева картаға түскен ақшаның қай түрі табысқа жатпайтынын, яғни салықтан босатылатынын көрнекі кестемен түсіндірді. Онда Салық кодексінің тиісті баптарына сілтеме де берілген. Кестені мына жерден жүктеп алуға болады.
Сарапшының айтуынша, картаға аударған ақшалардың мына түрлеріне салық салынбайды:
- өзіңе тиесілі бір картаңнан екіншісіне, депозиттегі ақшаны картаға, бір депозиттен екіншісіне, жеке кәсіпкер шотынан өз картаңа ақша аударғанда; банкоматпен, терминалмен картаға ақша салғанда;
- займ немесе несие алғанда;
- айлық алғанда;
- Kaspi Bonus алғанда;
- депозиттен, салымнан сыйақы түскенде;
- меншігіңде бір жылдан аса уақыт болған автокөлік және пәтер сатқанда түскен ақшаға;
- жақын туыстар ақша жолдағанда;
- басқа да жеке тұлғалардан (сыйлық, қайырымдылық ретінде) өтеусіз ақша түскенде;
- сақтандыру төлемдерін алғанда салық салынбайды.
Маман қазақстандық блогерлерге миллиондаған теңгенің салығы туралы хабарлама келіп жатқан уақытта осындай кесте әзірлеу жөн деп шешкен.
«Мен блогерлер алған хабарламалармен таныстым. Табысты қасақана азайту жағдайын байқамадым. Картаға түскен ақшаның бәріне салық салынбайтынын түсіндіруге болады. Себебі олардың дені табысқа тіпті жатпайды, не болмаса салықтан босатылады», – дейді Рабиям Серікбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру шарттарын өзгерткісі келеді. Енді банк картасына үш ай көлемінде ай сайын 100 түрлі адамнан 1 млн теңгеден аса ақша түскен уақытта салықшылар одан секем ала бастайды. Қазір мемлекеттік кіріс комитетіндегілер 100 түрлі адамнан ақша түскен жағдайда тексеруге кірісе береді.
Салық органдары блогерлермен ғана шектелмей, интернет арқылы табыс табатын барлық азаматты тексеруді жоспарлап отыр.
Интернет арқылы гив және лотерея ұйымдастыратын адамдар, Instagram-да 20 мыңнан астам оқырманы бар кез келген адам, Wildberries, Ozon, Kaspi арқылы сауда жасайтын саудагерлер де салықшылардың назарына ілігуі мүмкін.