«Атырау» футбол клубының қызметкерлері 3 айдан бері жалақы ала алмай отыр

Жарияланды 19 Наурыз 2025 14:59

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Атырау» ФК қызметкерлері 3 айдан бері жалақы алмай отыр / фото: instagram

«Атырау» футбол клубының қызметкерлері, соның ішінде ойыншылар мен бапкерлер жалақыларын ала алмағанына үшінші ай болды. Осыған байланысты олар 30 наурызда өтетін «Ақтөбеге» қарсы матчқа шықпайтынын мәлімдеді.

Клуб өкілдерінің айтуынша, бұл жағдайға облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов кінәлі. Себебі жыл басынан бері облыстық бюджеттен «Атырау» клубына қаражат бөлінбей келеді. Ал басқа спорт ұйымдары – хоккей және баскетбол клубтары өз қаржыларын алып үлгерген.

Жағдайдың ушыққаны сонша, футболшылар мен клуб қызметкерлері облыс әкімі Серік Шәпкеновке ашық үндеу жолдады. Олар бұл әділетсіздікке наразылық білдіріп, мәселені тез арада шешуді талап етті.

Құрметті, Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов мырза! Біз, Атырау облыстық футбол клубының ұжымы, 2025 жылдың басынан бері жалақымызды ала алмай отырмыз. Қаламыздағы барлық спорт ұйымдары облыстық бюджеттен қаржы алады, алайда «Атырау» футбол клубы әлі күнге дейін қаражатсыз отыр. Клубтың техникалық қызметкерлерінен бастап, футболшыларға дейін айлық ала алмай келеді. Несие төлеу, отбасын асырау, балаларды жаттықтыру үшін алыстан қатынайтын бапкерлер бар. Осы үндеу арқылы облыс басшылығынан мәселені жедел шешуді талап етеміз! – делінген мәлімдемеде.

Қазір бұл видеоүндеу әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қызу талқыланып жатыр. Алайда әзірге облыстық спорт басқармасынан ресми жауап болған жоқ.

Футболшылар егер жағдай шешілмесе, келесі ойынға шықпайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз