
2024 жылы қазақстандық фильмдер кинопрокаттан 22 млрд теңгеден аса қаржы жинаған. «Бұл сома 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық», – дейді Top Pro Cinema орталығының бас директоры Александр Аксютиц. Биыл да миллиард жинап үлгерген фильмдер бар. Олардың артында қандай кинокомпаниялар тұр және қанша салық төлейді? Kursiv.Media анықтап көрді.
«Өнер қырандары»
Әуелі осы жылы миллиард жинап үлгерген «Молда» фильмінен бастайық. Бұрынғы бандиттік өмірінен қашып, жан тыныштығын мешіттен тапқан жігіттің оқиғасы жайлы фильмді «Өнер қырандары» түсірген. Басты рөлде – Мадияр Серікбаев. «Өнер қырандары» шығармашылық ұжымының және дәл сондай атпен белгілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің иесі де өзі.
«Өнер қырандары» ЖШС 2022 жылы тіркелген. 2023 жылы бюджетке 3 млн теңге, 2024 жылы 21 мың теңге салық төлеген. Биылғы салық түсімі әлі жарияланған жоқ. Айта кету керек, бұл фильм – шығармашылық ұжымның кино саласындағы алғашқы өнімі. Негізінен әзіл концерттер қойып, өңірлерге гастрольдік сапармен барады.
Brave Talants
Ал былтыр миллиард жинаған фильм – «Дәстүр» хорроры. Жыл сайынғы хит «Бизнес по-казахскиймен» жаңа жыл қарсаңында қатар шықса да, екі-үш апта ішінде алға озды. Фильм режиссері – Қуаныш Бейсек, Tartaria Films киностудиясы түсірген. Бірақ негізгі қаржы көзі, демеушісі – продюссер Алмас Жәли және оның Brave Talants компаниясы. Негізінен блогерлер, медиакампаниялар ұйымдастыруымен айналысады. «Өнер қырандары» тәрізді кино саласындағы алғашқы өнімі. Сұхбатында Алмас Жәли фильмге қаржыны инвесторлардан алғанын айтады.
Ол тәуекел ақталып шықты да. 2022-2023 жылдар компания 110-200 млн теңге көлемінде салық төлеген. Ал фильм шыққаннан кейінгі 2024 жылы бюджетке 427 млн теңге салық құйған. Осы жылдың алғашқы есептік кезеңінде тағы 160 млн теңге төлеп үлгерген.
BM Production
«Бақыт», «Тракторшының махаббаты», «Рауза» тәрізді фильм-сериалдардың продюссері Баян Алагөзованың «BM Production» атты проюссерлік орталығы бар. Былтыр «Жауап бер» атты жаңа фильмі жарыққа шықты. Көрермендер оқиға желісі күйеуінің қолынан өлген Салтанат Нүкенованың өмірімен ұқсас дейді.
Алагөзованың орталығы тек фильм түсірмейді, мюзиклдер ұйымдастырады. Бейнебаян түсіреді және арнайы өнер мектебі де жұмыс істейді. Осының барлығы Алагөзоваға миллиардтаған қаржы әкеліп отыр. Ашық деректерге сүйенсек, 2023 жылы жалпы түсімі 1 млрд 113 млн теңгені құраған.
2023 жылы бюджетке 20 млн, 2024 жылы 13 млн теңге салық төлеген. Осы жылғы есептік кезеңде 1 млн теңгеден астам салық төлеп үлгерген.
Sataifilms
Әйгілі Ақан Сатаевқа тиесілі киностудия. «Рэкетир», «Районы», «Жаужүрек мың бала» және «Томирис» тәрізді фильмдерді түсірген. Биыл «Рэкетир-3» жарыққа шықты. Киносыншылар фильмге біраз мін таққанымен, танымалдылығы мен қалыптасқан атауы өз жемісін берді. Алғашқы екі аптада «Рэкетир-3» 600 млн теңге жинап алды.
Satai Film бұл қаржыдан биыл қаншасын салыққа төлегені белгісіз. Былтыр бюджетке 12 млн теңге, 2023 жылы 9 млн теңге құйған.
Нұрлан Қоянбаев және оның компаниялары
Қазақ көрерменіне жыл сайын «Бизнес по-казахскийді» көру деген дәстүрді сыйлаған, прокаттан алғашқы миллиардты жинаған – Нұрлан Қоянбаев еді. «Моя любовь Айсұлу», «Каникулы в Тайланде» фильмдері де көпке танымал. Қоянбаевтың атында бірнеше компания бар екен. Алғашқысы – Kazteleproduct компаниясы. Бизнес жайлы фильмдердің барлығы дәл осы студиядан шыққан.
Сондай-ақ «Қаз Әлемі» ЖШС және Q- Entertaiment компанияларының иесі ретінде көрсетілген. Бірақ ашық деректерде ешқайсысының салық төлегені жайлы ақпарат жоқ.