Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы мүмкін – Halyk Finance

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, Ұлттық банк 11 сәуір күнгі отырысында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейінде сақтап қалуы мүмкін. Бас банктің наурыздағы шешіміне сай, қазір базалық мөлшерлеме 16,5%-ға тең.
Сарапшылардың айтуынша, реттеуші орган 2025 жылға арналған инфляция деңгейіне қатысты бағалауларында қате жіберуі мүмкін. Себебі болжамдарда жоспарланып отырған қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі толыққанды ескерілмеген.
«Біз жыл соңындағы инфляция бойынша болжамымызды 9–10% аралығында сақтап отырмыз. Бұл болжам орташа жылдық мұнай бағасы 70 доллар деңгейінде болған жағдайда өзекті», — делінген Halyk Finance талдауында.Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейі — 15%.
Қаңтар-ақпан айларындағы инфляцияның күрт өсуі кейінге шегерілген факторлармен, атап айтқанда теңгенің әлсіреуінің әсері және коммуналдық тарифтердің өсуімен тығыз байланысты.
Halyk Finance 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9–10% деңгейінде болады деп болжап отыр. Сонымен қатар, мұнайдың орташа жылдық бағасы 70 доллар деңгейінде сақталады деген пікірде.
Ұлттық банк наурыз айындағы шешімінде базалық мөлшерлемені бірден 125 базистік пунктке көтеріп, 16,5%-ға жеткізген еді. Бас банк бұл шешімін инфляцияның қарқын алуымен түсіндірді. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Одан бөлек, Ресейде де инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді.