Goldman Sachs мұнай құны 40 долларға түсуі мүмкін деп болжайды

Goldman Sachs сарапшылары мұнай құны туралы түрлі сценарийді қарастырды. Соның бірінде 2026 жылдың аяғында Brent баррелі 40 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін.
Мұндай ауыр сценарий жүзеге асуы үшін әлемнің ішкі жалпы өнімінің өсімі баяулап, OPEC+ елдері өндірісті қысқартудан толықтай бас тартуы керек. Сол кезде нарықта мұнай көбейіп, оның құны әлдеқайда арзандайды. Болжамды Bloomberg жариялады.
Дегенмен банктің мұнай бағасына қатысты базалық болжамы мұндай сценарийден әлдеқайда алшақ. Банк 2025 жылдың аяғында Brent 58 доллардан, ал 2026 жылдың аяғнда 55 доллардан саудаланады деп болжайды.
Қазақстан үшін мұнай құны қанша болуы керек
АҚШ президенті Дональд Трамп билікке екінші мәрте келер қарсаңында мұнай бағасын 40 долларға дейін түсіруге уәде берген. Мұндай сценарий әлемнің көптеген экономикасына, әсіресе мұнайдың арқасында күн көріп отырған Қазақстанға жақпайды.
э«Ал егер мұнай бағасы 40 доллар шамасына дейін төмендесе, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте ауыр соққы болмақ. Мұндай жағдайда теңгенің қаншалықты құнсызданатынын болжау қиын», – дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Kursiv.Media-ға.
Кейінгі бірнеше аптада Трамп әлем елдерімен сауда соғысын жүргізіп, оның ықпалы мұнай бағасына да тиді. Бұған қоса, OPEC+ елдері 2025 жылғы мамырда мұнай өндірісін үш есе жоғарылатып жіберді. Осының бәрі дүйсенбіде Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің 63 долларға дейін түсіп кетуіне себеп болды. Қазір Лондон биржасында Brent-тің маусымға арналған фьючерсі $64,3 доллардан саудаланып жатыр.