Tesla Cybertruck электромобильдеріне бұрын-соңды болмаған жеңілдік жасауда

Жарияланды 18 Сәуір 2025 15:22

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Tesla Cybertruck-тың қоймадағы модельдері жеңілдікпен сатылуда / Фото: www.carscoops.com

Tesla бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер мен бонустар ұсынып жатыр. Cybertruck электромобилінің қоймадағы қорынан осылайша құтылмақ.

Мәселен, АҚШ-та 2024 жылғы Cyberbeast Foundation Series моделі 11 990 долларға дейінгі жеңілдікпен сатылуда, ал стандартты AWD-нұсқасы 89 990 долларға ұсынылуда. Сонымен қатар, сатып алушыларға Supercharger қуаттау станциялары желісіне өмір бойы тегін қолжетімділік беріледі, ал кей жағдайларда Full Self-Driving (FSD) жүйесінің бета-нұсқасы да қосымша бонус ретінде ұсынылады.

Алайда Cybertruck моделіне деген сұраныс күткеннен әлдеқайда төмен болып шықты. Бастапқыда Tesla бұл пикапқа 1 миллионнан астам алдын ала тапсырыс түскенін мәлімдеген болатын. Алайда соңғы мәліметтерге сәйкес, олардың тек 50 мыңдайы нақты сатылымға айналған.

Пикаптың бастапқы бағасы Илон Маск уәде еткен 40 000 доллардан едәуір жоғары болғандықтан, бұл фактор сатылым көлемінің төмендеуіне басты себептердің бірі ретінде аталып отыр. 2024 жылы шамамен 39 000 бірлік сатылған. Бұл Cybertruck-ты АҚШ-тағы электрлік пикаптар арасында көшбасшы етсе де, компания көздеген жылдық 250 000 бірлік мақсатынан алыс.

Еске салайық, осыған дейін Teslaкомпаниясы Cybertruck электрлі пикап нұсқасын таныстырған еді. Cybertruck электрлі пикаптың жаңа нұсқасының сатылымы да басталып кетті. Компанияның мәліметінше, АҚШ-тағы бастапқы бағасы 69 990 долларды құрайды. Алайда федералдық салық жеңілдігін (7 500 доллар) ескергенде, көліктің құны 62 490 долларға дейін төмендейді.

Сондай-ақ оқыңыз