
Астанада Пасха мейрамына арналған шеру аяқталғаннан кейін, Монастырь шіркеуінің жанында достық пен дәстүрлерді нығайтуға бағытталған ерекше шара өтті. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.
Салтанатты литургия мен крест жорығынан кейін шіркеуге ұлттық тағамдар әкелінді. Қонаққа келген өзге конфессиялардың өкілдеріне пасха жұмыртқалары сыйға берілді. Өз кезегінде қонақтар бауырсақ әкелді.Балалар бір-бірін қонақ қылып, пасхалық жұмыртқаларды бауырсаққа айырбастап, дәм татты.

«Біз елорда тұрғындары бұл күні ғибадатханаға ұлттық тағамдарымызды таратуға, қаламыздың православ тұрғындарын құттықтауға және қолдауға келдік. Өйткені, сенім мен ұлтқа қарамастан бір-бірімізді қолдауымыз керек», – дейді акцияға қатысушылардың бірі Адия Ілияс.
Бүгін барша христиандар үшін өте ежелден келе жатқан ерекше маңызды Пасха мейрамы басталды. Ол Иса пайғамбардың қайта тірілуін еске алу үшін атап өтіледі. Мереке көктемде болады, әр жылы әртүрлі күнге түседі.
Адамдар түнімен ғибадатқа қатысып, таңертең шіркеу қызметін өткізеді. Жолыққанда «Христос воскресе!» – «Воистину воскресе!» деген амандасу сөздері айтылады. Бір-біріне түрлі түске боялған пасха жұмыртқаларын, кулич сыйлайды.
Пасха мерекесіне орай Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдаған еді.