15 мыңнан аса компанияның мойнында 759 млрд теңге салық берешегі бар

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қандай компаниялардың салық берешегі бар /Фото: kursiv.media

Қазақстанда 15 мыңнан аса компанияның бюджетке салық берешегі 759 млрд теңгеге жеткен. Бұл қарыздың басым бөлігі оншақты компанияға тиесілі. Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегі 150 АЕК, яғни, 600 мың теңгеден асатын компаниялардың тізімін жариялады.

Тізім басында 104,1 млрд теңге қарызбен «Ai-To Progress» ЖШС тұр. Түрлі тауарлардың сауда-саттығымен айналысатын компания 2007 жылы құрылғанымен, соңғы үш жылда қазынаға салық төлемеген. 104 млрд теңгенің 63,5 млрд тегенің – негізгі салық берешегі болса, өсімпұлы 40,6 млрд теңгеден асқан.

Салық берешегі бойынша екінші орында TEX ALLIANCE» компаниясы орналасқан. Оның мойнындағы қарызы 94 млрд теңгеден асады. Компания салық берешегі 17,4 млрд теңге болса, сол берешектің өсімпұлы 76,7 млрд теңгеге жеткен.

Ал «Alpha-bet» (Альфа-Бэт) компаниясы бюджетке 88,16 млрд теңге қарыз. Құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыратын компания салық берешегіні 42 млрд теңгесі негізі қарыз болса, қалғаны – борыштың өсімпұлы.

Салықты уақтылы төлемеген компаниялар қатарында «OLIMP KZ» букмекері де бар. Оның қарызы 80,2 млрд теңгеден асады. Бұл компания қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. берешегінің 35,7 млмр теңге негізгі қарызы болса, төленбеген борыштың өсімпұлы 45,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл букемекер Анарбек Жауыровқа тиесілі болған.

43,5 млрд теңге салық берешегі «GB Invest» компаниясына тиесілі. Түрлі тауар саудасымен айналысатын компания Алматы облысында тіркелген. Бірінші басшысы – Наджиб Файез.

Сонымен қатара «Кастинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салық қарызы 18,11 млрд теңгеден асады. Түсті металдарды құюмен айналысатын компания 1999 жылы құрылған.

Ірі салық берешегі бар компаниялардың арасында біршама танымалы – «ҚазГерСтрой» бірлескен компаниясы. Оның мойнында 9 млрд теңге қарыз ілініп тұр. «ҚазГерСтрой» ЖШС – «Bereke Astana Group» ЖШС-нің еншілес компаниясы. Ал «Bereke Astana Group» компаниясының құрылтайшыларының бірі – Нұрсұлтан Бауыржан Қайратұлы. Ал екінші құрылтайшысы – Лазаров Айдар Жомартұлы деп көрсетілген.

«ПФД Интернэшнл» ЖШС-ның Атыраудағы бөлімшесі бюджетке 3,8 млрд теңге салық төлемеген. Бұл – Атырауда тіркелген шетелдік компания.

Сонымен қатар «ФортСтрой-Т» компаниясының салық берешегі 3,69 млрд теңге болса, «GL-TRANSPORT» ЖШС қазынаға 3,60 млрд теңге қарыз.

Бұл ондық -қарызы ең көп компаниялар. Кірістер комитетінің тізіміне салық төлемегеніне 4 айдан асқан компаниялар енген.

Кейінгі жылдары Қазақстан бюжетіне салық жоспардан кем түсіп келеді. Мәселен 2024 жылы Қазақстан бюджетіне түскен салық жоспардан 4 трлн теңгеге аз.

Сондай-ақ оқыңыз