
АвтоВАЗ зауытында Lada Iskra көлігінің өндірісі басталды. Әзірге бар болғаны төрт көлік шығарылды: екі седан және екі универсал.
Lada Iskra көлігінің тауарлық үлгілерін шығару «Копейка» өндірісінің басталғанына 55 жыл толуына орайластырылды.

Француздармен бірлесіп жасалған «Искра» жобасы нарыққа үш жылға жуық кешігіп жетті. Бұл уақыт еуропалық және оңтүстіккореялық компоненттерге салынған санкциялардан кейін оларды алмастыруға қажет болды. Қазір бөлшектердің 90 пайызы тікелей Ресейде өндіріледі, қалғаны достас және өзге де бейтарап елдерден жеткізіледі.

Iskra үш түрлі кузов нұсқасында қолжетімді болады: седан, универсал және универсал Cross. Модель үш түрлі қозғалтқышпен жабдықталады:
- 1,6 литрлік (90 а.к.) қозғалтқыш, 5 сатылы механикалық беріліс қорабы;
- 1,6 литрлік (106 а.к.) қозғалтқыш, 6 сатылы механикалық беріліс қорабы;
- 1,6 литрлік (106 а.к.) қозғалтқыш, автоматты беріліс қорабы.
Аталған модель ресми түрде сатылымға 2025 жылдың 20 шілдесінде — АвтоВАЗ-дың туған күнінде шығады деп жоспарланған.