Гүлнара Каримоваға тиесілі болған 95 млн доллар өзбек қазынасына қайтарылды

Гүлнара Каримоваға тиесілі болған Швейцариядағы қаражаттың 95 млн доллары өзбек қазынасына қайтарылды. Бұл туралы елдің экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фозилкаримов хабарлаған деп жазады «Daryo»басылымы.
Фозилкаримовтың айтуынша, Швейцария мен Өзбекстан жалпы сомасы 131 млн долларды қайтару туралы келісімге қол жеткізген. Осы уақытқа дейін қайтарылған 87 млн доллар денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жұмсалды. Енді Бельгиядан тағы 108 млн долларды қайтару үшін келіссөздер жүріп жатыр.
Бұған дейін Өзбекстан Әділет министрлігі Гүлнара Каримованың тәркіленген активтерін бөлу туралы келісімге қол қойылғанын хабарлаған. Құжатқа министр Акбар Ташқұлов пен Швейцария елшісі Константин Оболенский қол қойған. Келісімге сәйкес, Өзбекстанға шамамен 182 млн доллар қайтарылады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл қаражат БҰҰ-ның «Uzbekistan Vision 2030» атты көпжақты трастық қоры арқылы өтеді. Қайтарылған қаражаттар халық игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталады.
Айта кетейік, Гүлнара Каримова бұған дейін бопсалау және салықтан жалтару бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған. 2020 жылдың наурызында оған қатысты қылмыстық топ құру, бопсалау және ұрлық деректері бойынша жаңа іс қозғалып, жаза мерзімі 13 жыл 4 айға ұзартылған.
Өзбекстан – Орталық Азиядағы Қазақстанның басты серіктесінің бірі. Көрші елмен сауда 2020 жылдан бастап жыл сайы 10-15%-ға өсіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 4,1 млрд долларды құрады.