Тарихта 1 млн шақырым еңсерген автокөлік көп емес. Бұл межені күрделі жөндеусіз жүріп өткен автолар одан да аз. Төмендегі материалда солардың кейбірін ұсынамыз.
Toyota Tundra

АҚШ тұрғыны Вик Шепард Tundra автокөлігімен 1 млн миль (шамамен 1,6 млн км) жүріп өткен. Оның 2014 жылғы 5,7 литрлік V8 қозғалтқышы бар көлігі бұл жолды күрделі мәселесіз еңсерген. Тек қожайыны жоспарлы техникалық қызметке уақытылы апарып отырған. Тек 780 мың мильден кейін беріліс қорабын жөндеуге жібергені бар.
Қызығы – Вик бұған дейін 2007 жылғы Tundra-мен де 1 млн миль жүрген. Осы жетістіктен кейін Toyota оған жаңа 2016 жылғы пикап сыйлаған. Қазір ол сол көлікті күнделікті пайдаланады.
Москвич-2140

1976 жылы шығарылған кеңестік автокөлік ГДР-ге (Шығыс Германия) неміс Герхард Шоттың қолына тиген. 2017 жылы неміс зейнеткері бұл көлікпен 1 млн км жүргенін айтып, оны «өлмейтін көлік» деп атаған. Алайда бұл көліктің қозғалтқышы ауысқан. Жалпы кеңестік модель арзандығы мен ерекше дизайны үшін танымал болған. ГДР-де оны мемлекеттік қызметтер жиі пайдаланған.
BMW 325iS

Бұл неміс купесі алғаш шыққанда Mobil1 май өндіруші компаниясының корпоративтік автопаркіне қосылған. Сол кезде автокөлікке тәжірибе жүргізіліп, BMW 3-сериясы 1 млн км жүре алатын көліктер тізіміне енген. Бірақ бұл тек сынақ стенді еді.
1990 жылы жаңа BMW 325iS арнайы стендке қойылып, 4 жыл ішінде 1 млн км «жүріп өтті». Кейін қозғалтқышты алып, тексеріп, тозу деңгейін анықтағанда оның әлі де жаңа сияқты екені белгілі болды. Бұл акция Mobil1 майларының сапасын дәлелдеу мақсатында ұйымдастырылған маркетингтік қадам болатын. Кейін BMW компаниясы Mobil1-пен серіктестік орнатқан.
Hyundai Elantra

АҚШ-та болған тағы бір оқиға. Канзас штатында тұратын Фарра Хейнс есімді әйел бұл корей седанымен 1 млн мильден (шамамен 1,6 млн км) астам жол жүрген. Ол курьер болып жұмыс істеген.
Hyundai Elantra – 2013 жылғы модель. Автокөлік иесіне жеткеннен кейін ол 5 жылда жылына орта есеппен 320 мың миль жүрген. Осы аралықта қозғалтқышты ауыстырмаған.
Hyundai компаниясы оған алғысын білдіріп, жаңа 2019 жылғы Elantra көлігін сыйға тартып, «1 million miles club» деген жазуы бар алтын түстес нөмірлік жақтаулар табыстаған.
Land Rover Discovery

Бұл автокөлік Ресейде 1 млн км жүрген. 1990-жылдары бұл жол талғамайтын көлік Camel Trophy ралли-марафонына қатысқан. Кейін Ресейдегі жарыс ұлттық комитетінің төрағасы Сергей Трофименконың коллекциясына өткен.
Содан бері көлік бүкіл Ресейді аралап, үлкен жүріс жасаған.
Бұған дейін, Қытай көліктеріне 5 жылдан кейін не болатынын жазғанбыз.