АҚШ пен Қытай арасы жылыды: акция, доллар, биткоин және алтын құны өзгерді

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері нарыққа әсер етіп, акция, доллар және биткоин бағасы көтеріліп, мұнай құны тұрақтады. Алтын қайтадан арзандап жатыр. Биткоин 109 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін.
Женевадағы келіссөз
Құрама Штаттар мен Қытайдың ресми өкілдері Женевада саудаға қатысты екі күндік келіссөз жүргізді. Одан шыққан америкалық шенеуніктер келіссөздердің сәтті өткенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, әлем экономикасына айтарлықтай әсер ететін келісім қабылданды.
«Құрама Штаттар мен Қытай өте маңызды сауда келіссөздері сәтті өткенін қуана хабарлаймын», – деді АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Женевадағы брифингте. Оның мәлімдемесін CNN телеарнасы таратты.
АҚШ-тың сауда жөніндегі өкілі Джеймисон Грирдің хабарлауынша, екі ел арасындағы келісім жексенбі күні жасалған.
Бір ай бұрын президент Дональд Трамп қытай тауарларына баж салығын 145%-ға дейін көтерген. Содан кейін Қытай америкалық тауарға сауда салығын 125%-ға дейін өсіріп жіберген. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы теке-тірес нарыққа кері әсер етті.
Енді, Вашингтон мен Бейжің сауда келіссөздеріне отырған сәтте, акциялар мен доллар, сонымен бірге биткоин бағасы көтерілді. Бұған қоса, осыған дейін қайта-қайта рекорд орнтақан алтын арзандай бастады. Мұнай бағасы тұрақтады.
Қаржы нарығы: акция мен доллар
Женевадан жеткен жағымды жаңалықтан соң Уолл-стриттегі акциялар құны көтеріліп, доллар нығайды. Геосаяси жағдай да айтарлықтай тұрақтанды: Үндістан мен Пәкістан атысты доғарды, ал Украина президенті Владимир Зеленский Түркияда Владимир Путинмен кездесетінін мәлімдеді.
Reuters мәліметінше, дүйсенбіде S&P 500 фьючерстері 1,1%-ға, Nasdaq фьючерстері 1,4%-ға көтерілді. Ал Nikkei фьючерстері 1,3%-ға нығайды.
Бұл уақытта доллар индексі 0,2%-ға өсіп, 100,60-ға жетті. Бұған қоса, доллардың жапон иенасына шаққандағы бағамы да 0,4%-ға өсіп, 1 иена 145,90 доллар болды.
Биткоин қымбаттады
АҚШ пен Қытай сауда келісіміне отырған жағдайда, биткоин бағасы 109 мың доллардан жоғары көтерілуі мүмкін. CoinDesk осындай болжам жариялап отыр. Бейжің АҚШ пен Қытай қабылдаған мәлімдемені жариялауға уәде берді.
Екі ел келіссөздер үстеліне отырған күні, 10 мамырда, криптовалюта құны бірден көтеріліп, Bitcoin 105 мың долларға дейін жеткен. Қазір биткоин 103.560 доллардан сатылып жатыр.
Алтын және мұнай
Әуелі 3 мың долларды, одан кейін 3,5 мың долларды бағындырып, бәрнеше мәрте тарихи рекорд орнатқан алтын құны құлдырап барады. Бағалы металл бірден 1,7%-ға құлап, алтынның бір унциясы 3281 доллар болып қалды.
Ал мұнай бағасы қайта көтеріліп жатыр. Дегенмен OPEC+ елдерінің өндірісті арттыру жөніндегі шешімі қара алтынның қымбаттауына кедергі келтіріп тұр. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 64,24 доллар болып тұр. Америкалық шикі мұнай 33 центке қымбаттап, 61,35 доллар болды.