
Көбіміз қаржылай сауаттымыз, шығындарымызды басқарамыз, бюджетті жоспарлаймыз деп ойлаймыз. Әрине, кіріс пен шығынды есепке алып, соған қарай шешім қабылдаған жақсы. Дегенмен барлығы бірдей ұсақ шығындарын есептей бермейді. Ал ол түптің түбінде табыстың ауқымды бөлігін алып жүрген болуы мүмкін. Айталық, күнде таңертең жұмысқа барарда жолда алған бір шыныаяқ кофе, тамақ істеуге ерініп курьермен алдыра салған ас — осы сынды дүниелер біліне бермейді. Кейбірі мұны шығындарына тіпті қоспайды да. Бүгінгі материалымызда күнделікті микроэкономикамызды қалай басқару керегін және бос шығынданбаудың жолдарын айтамыз.
Күнделікті микроэкономика деген не?
Микроэкономика туралы сөз қозғалса біз көбіне көз алдына күрделі теорияларды, ұсыныс пен сұраныс сызылған кестені келтіреміз. Бірақ, шын мәнінде, микроэкономика күнделікті жасалатын әрекеттерден тұрады. Демек, күн сайын жасайтын шығындардың жиыны.
Айтқандай, күнде кофе аламыз, кешке жұмыстан шаршап қайтқанда тамақ алдырамыз, стримиң сервистің неше түріне жазыламыз. Бұлар жеке-жеке алып қарағанда айтарлықтай қымбат емес. Бірақ ай соңында топтастырып, бәрін қосқан кезде әжептәуір сома шыққанын байқайсыз. Ол сіздің бюджетіңізге әсер етеді, ойып тұрып орын алады.
Мысалы:
- Жұмыс күндері алатын бір шыныаяқ кофе бағасы 1500 теңгеден деп есептесек, айына шамамен 30 000 теңге шығындайсыз.
- Қолданбадан тамақты аптасына 2-3 рет алдыратын болсаңыз, онда 20 000 теңгедей тағы кетеді.
- Стримиң сервистерге 5 000 теңгедей кетсін.
Қорыта келе қарасақ: айына ұсақ шығындарға 55 000 теңге кетеді екен. Ал бір жылда ол 660 000 теңге болады.
Ұсақ шығындар адамның өмір салтын қалай қалыптастырады?
Қаржылай әдет қалыптастырады
Біздің күнделікті жасайтын таңдауымыз уақыт өте келе байқалмайтын, еленбейтін әжетке айналып кетеді. Мәселен, кофеханадан кофе алып кетуді сіз күнтізбеде бар әрекет деп емес, «мен күнде кофе алып ішетін адаммын» деген имидж қалыптастырады.
Басында бәрі бір рет алғаннан басталады. Сөйтіп айдың соңына қарай күнде алғаннан әдет болады. Қарап отырсақ, сол әдет қалтаңыздан білдірмей ақша суырып отырады.
Бұл қалай жұмыс істейді:
- Микрошығындар сомасы аз болғасын көзге көрінбейді, білінбейді. Сондай иллюзия пайда болады.
- Оларды айтарлықтай үлкен шығын деп қарастырмаймыз. Тек соңында қанша кеткенін есептесеңіз ғана байқайсыз.
- Сол ұсақ шығынның бәрін қосып қарағанда ірі сома көрінеді. Ал оны ұсақ нәрселерге жұмсағанша, қалауыңыздағы басқа дүниені алғаныңызда болар еді.
Қаржылай портретіңізді қалыптастырады
Біздің күнделікті шығындарымыз құндылықтарымыздың бейнесі деуге болады. Яғни бізге не маңызды, не басым екенін көрсетіп тұрады. Біреу күнде курьермен тамақ алдырғанда жақсы көреді, енді біреу тамақты үйден істеп, сапалы тамақтанғаным жақсы деп есептейді.
Мәселен:
- Айша аптасына бір рет мейрамханадан 5 000 теңгеге тамақ алдырады.
- Әлия болса, сол сома азық-түлік алады. Ол оған бір апта бойы тамақ істеуге жетеді. Осылайша бюджетінің 20 пайызын үнемдейді.
Екеуінің де табысы бірдей. Бірақ қаржылық жағдайы екі түрлі болады. Әлияның шығыны шамалас болғанымен, ол бюджетті жоспарлайды, шығындарын бақылауда ұстайды, сапалы нәрсе алып өз денсаулығына қарайды.
Ірі қаржылық мақсаттарға әсер етеді
Бәріміздің ішімізде үлкен армандар бар. Біреу қымбат көлік тізгіндесем деп ойлайды. Енді бірі комфорт санаттағы үйлі болғысы келеді. Болмаса, инвестиция салу үшін жеткілікті ақша жинағысы келуі мүмкін. Біреулерге демалысты шетелге өткізген ұнайды. Армандаған жақсы. Ал соны іске асырып, ақша жинай алсаңыз, тіпті жақсы емес пе? Тапқан табыс осылай білінбей ұсақ шығындарға кетіп қала беретін болса, қалай жинап үйренуге болады?
Мысалы:
Айбар Жапонияға барғысы келді. Сөйтіп жоспар құрды. Қараса, айына ұсақ шығындарға 70 000 теңгесі кетеді екен.
Сөйтіп ол мынадай ереже енгізеді: кофені үйден істеп термосқа құйып алады. Мейрамханаға баруды азайтады. Осылай басқара отырып, Айбат жарты жылда 420 000 теңге жинап алды. Ал бұл сома билетке және тұрғын үйге жетеді.
Ұсақ шығындар психологиясы
Микрошығындар көбіне ләззат психологиясымен тікелей байланысты болып келеді. Қымбат емес зат алғанның өзінде бізде дофамин дереу бөлінеді. Соның арқасында көңіл көтеріледі. Бірақ сол бір сәттік рахат кейін бірнеше ай бойы сізге кесірін тигізуі мүмкін.
Импульспен зат алып қоямыз
Маркетплейстер мен қолданбалар бізді неғұрлым көп зат алуға шақыратын арнайы техникаларды қолданады. «Бүгін ғана», «Соңғы мүмкіндік» дегендей сөздермен пуш жіберіп отырады.
Әлеуметтік қысым жасалады
Қазір біз көрсетіп тұтынатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік желіде «бренд зат алу керек», «күнде кофе алып ішу керек» дегендей әңгіме көп айтылады. Естіп-естіп бұл әбден қалыпты жағдай деп қабылданады да, кейде адам артық тыраштанып кетіп жатады.
«Ештеңе етпейді» эффектісі
Біз өзімізге «1500 теңге қайда кетпей жатыр» деп айтамыз. Бірақ сол азғантай соманың да жиналғанда қомақты сомаға айналатынын ескермейміз.
Ұсақ шығындарды қалай басқаруға болады?
- Талдау жасаңыз:
- Шығындар кестесін жүргізіңіз. Оны жазып жүрсеңіз де, қолданбаларды пайдалансаңыз да — ерік өзіңізде.
- Ұсақ шығындарға бөлек бюджет бөліп қойыңыз:
- Бір айда ұсақ шығындарға қанша ақша шығара алатыныңызды анықтап алыңыз. Содан асырмаңыз. Мысалы, 20 000 теңге болса, сол шамада ғана құртасыз.
- Мақсаттарыңызды визуалдаңыз:
- Не үшін ақша жинап жатқаныңызды еске салып отыратын тақтаңыз болсын. Соған коллаж жасап қойыңыз.
- Қаржылық лимит бекітіңіз:
- Аптасына 1 рет қана тамақ алдырамын дегендей шектеулер қою керек. Стримиң сервис көп болса, ішінен біреуін ғана таңдап алыңыз. Ең керегі қайсысы? Онсыз мүмкін емес дегенін қалдырыңыз да, қалғандарынан шығып кетіңіз.
- Шығындарды салыстырып отырыңыз:
- Зат алмас бұрын өзіңізге «Мына алғаным мақсатыма жақындата түсе ме?» деп сұрақ қойыңыз. Егер «Иә» деген жауап болмаса, онда алмай-ақ қойса болады деген сөз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ата-аналарға арнап баланы қаржылай сауатты қылуға көмектесетін нұсқаулық дайындаған едік.