iPhone 17 Air Apple тарихындағы ең жұқа смартфон болмақ

Жарияланды 19 Мамыр 2025 11:22

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
iPhone 17 Air моделінің қалыңдығы небәрі 5,5 мм / Фото: binance.com

Apple компаниясы iPhone модельдер желісіне жаңа бетбұрыс жасамақшы. Соның ең алғашқы легі – компания тарихындағы ең жұқа смартфон саналатын iPhone 17 Air үлгісінің тұсаукесері болмақ.

Қалыңдығы небәрі 5,5 мм

Инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, iPhone 17 Air – Apple тарихындағы ең жұқа смартфон ғана емес, жалпы нарықтағы ең жұқа құрылғы атануы мүмкін. Смартфон қалыңдығы 5,8 мм болатын Samsung Galaxy S25 Edge моделінен де жұқа. Сонымен қатар 2014 жылдан бері ең жұқа iPhone болып келген 6-үлгінің (6,9 мм) рекордын да жаңартады.

Қалыңдығының аз болғанына қарамастан, жаңа смартфон 6,6–6,7 дюймдік экранмен жабдықталады. Бұл мультимедиа мен ойындарды ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай ықшамдылыққа Apple инженерлері жоғары тығыздықтағы жаңа батарея технологиясы мен ішкі құрылымның оңтайландырылған архитектурасы арқылы қол жеткізген.

Air мен Plus моделінің айырмашылығы

Кей дереккөздерге сүйенсек, iPhone 17 Air бұрынғы Plus нұсқасын алмастырады. Plus үлгісі нарықта өз орнын таба алмады, ал Air — стандартты iPhone 17 мен қымбат Pro үлгілері арасында аралық позицияны иеленбек.

Жаңа желі төрт модельден тұрады:

  • iPhone 17
  • iPhone 17 Pro
  • iPhone 17 Pro Max
  • iPhone 17 Air (жаңа үлгі)

Сыртқы корпусы

Инсайдерлік мәліметтер бойынша, тіпті Pro үлгілер де титан қаңқадан бас тартуы мүмкін. Apple алюминийге қайта оралуды қарастыруда. Титан өндіру — ресурсты көп қажет ететін процесс, ал алюминий жеңіл өңделеді, қайта өңдеуге жарамды және экологиялық тұрғыдан тиімдірек.

Батарея

Аталған модельге қатысты басты сұрақ – оның автономды жұмыс уақыты. Қалыңдығының аз болуына байланысты үлкен батареяны орнату мүмкін емес. Алайда болжамдарға сәйкес, Apple келесі технологияларды енгізуді жоспарлап отыр:

  • жоғары тығыздықтағы жаңа батарея (Stainless технологиясы);
  • өнімділігі жоғары C1 модемі, энергияны үнемдейді;
  • 35 Вт дейінгі сымды қуаттандыру;
  • реверсивті қуаттандыру (әсіресе AirPods үшін).

Егер бұл болжамдар шындыққа айналса, бұл модель жұқа корпусына қарамастан, ұзақ уақыт жұмыс істеумен ерекшеленуі мүмкін.

Камера сапасы

iPhone 17 Air – бір ғана 48 МП камерамен жабдықталады. Бірақ оптикалық 2 есе зумға қол жеткізу алгоритмдік өңдеу арқылы іске асады. Ал Pro үлгілер мынадай үштік камера модулімен келеді: 48 МП негізгі камера, 48 МП кең бұрышты, 48 МП телефото объектив, жетілдірілген стабилизация. Егер бұл расталса, iPhone 17 Pro Max жылдың үздік камерафоны атануы мүмкін.

Бағасы

Смартфонның ресми бағасы әзірге жарияланбады, бірақ инсайдерлер мынадай аралық сомаларды атайды:

iPhone 17 — 800 доллардан бастап

iPhone 17 Air — 900–1300 доллар аралығында

iPhone 17 Pro — 1000 доллардан бастап

iPhone 17 Pro Max — 1200 доллардан бастап

Еске салайық, осыған дейін Apple компаниясы қаңқасы әйнек, сонымен бірге екі бүктелетін алғашқы iPhone смартфонын шығаратынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз