QAMS жеке тұлғаның дивиденд табысынан салық ұстамауды сұрайды

Қазақстан миноритарлы акционерлер қауымдастығы (QAMS) жеке тұлғаның дивиденд табысынан салық ұстамауды ұсынды. Ұйым үндеуі Сенаттың салық кодексі жобасын талқылау жұмыс тобына, Қаржы министрілігі мен Ұлттық экономика министрлігіне жолданды.
Үкіметтік емес ұйым парламенттен миноритарлы акционерлер үніне құлақ асуды сұрайды. Қауымдастық мәліметінше, Қазақстанда жеке тұлғалардың 5,8 млн инвестициялық есебі бар. Олар KASE (3.7 млн) және AIX (2.1 млн) қор биржаларында тіркелген. Жеке тұлғалардың құнды қағаздар нарығындағы айналымындағы үлесі 40-60% айналасында болады. Жеке инвестиция нарығының өсуіне жергілікті қор биржаларындағы салық жеңілдіктері сеп болып отыр.
«Жеңілдіктерді жою – елдің инвестициялық климатының нашарлауына алып келеді», – деп ескертті қауымдастық.
Соған байланысты QAMS бірнеше ұсыныс жолдады. Соның ішінде Қазақстанның резидент жеке тұлғаларының дивиденд табысынан салық алмау мөлшерін 30 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) деп белгілеу туралы кеңес бар. Ұйым мәліметінше, Сенатқа жолданған заң жобасында мұндай меже көрсетілмеген.
2025 жыл үшін белгіленген АЕК көлемі – 3 932 теңге. Қауымдастық шамамен 118 млн теңге дивиденд табысы үшін салық салмауды ұсынып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр QAMS Конституциялық сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Оған Қазақтелеком акциялары үшін дивиденд төлеу тәртібі себеп болған. Атап айтқанда, 2025 жылғы қаңтарда Қазақтелеком 1,1 млрд долларға «Мобайл Телеком-Сервис» (МТС) компаниясын сатқан.
Экономика министрлігі қаулысына сай, «Самұрық Қазына» активтерін сатудан түскен ақшаның бәрі Ұлттық қорға аударылуы керек. Бірақ оған мемлекетке тиесілі дивиденд кірмейді. Осылайша, МТС сатудан түскен ақша «Қазақтелеком» миниритарлы акционерлеріне тимес еді. Соған байланысты QAMS Конституциялық сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Алайда сот арызды қабылдамай тастаған.
Жақында Қазақтелеком 293,4 млрд теңгені дивиденд төлеуге жұмсайтынын жариялады. Акциялардың 9,96%-ы миноритарлы акционерлерге тиесілі. 29,23 млрд теңге соларға дивиденд ретінде таратылады.