Roland Garros 2025: Рыбакина, Бублик және Путинцева кіммен ойнайды

Жарияланды 25 Мамыр 2025 12:16

(жаңартылды 25 Мамыр 2025 22:08)
Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Парижде Roland Garros ірі турнирі басталды / фото: REUTERS/Gonzalo Fuentes
Roland Garros турниріне Қазақстаннан төрт спортшы қатысады / фото: REUTERS/Gonzalo Fuentes

Roland Garros – теннистен Франция ашық біріншілігі бүгін Париж қаласында басталады. Үлкен Дулыға санатындағы ірі турнирге Қазақстанның төрт спортшысы қатысады.

Жарыс жексенбі күні Астана уақытымен сағат 14.00-де басталады. Қазақстаннан Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева және Александр Шевченко қатысады. Қазақстанның үздік теннисші қызы Рыбакина алғашқы ойынын дүйсенбі, 26 мамырда өткізеді. Қалған үш спортшы жарысты сейсенбіде бастайды.

Кеше ғана Страсбургте өткен ірі турнирде топ жарған Елена Рыбакина Париждегі чемпионаттың бірінші раундында аргентиналық Хулия Риерамен ойнайды. Матч 14-кортта Астана уақытымен сағат 14.00-де басталады. Ал ертесіне Юлия Путинцева Аргентинаның тағы бір теннисшісі Солана Сьеррамен кездеседі. Матч уақыты кейін мәлім болады.

Александр Шевченко Roland Garros іріктеу сынының екінші раундында жеңіліп қалды, алайда бірнеше спортшының жарысқа қатысудан бас тартуына байланысты турнирдің негізгі кестесіне өтті. Енді ол бірінші раундта сербиялық Душан Лайовичпен ойнайды.

Қазақстанның бірінші теннисшісі Александр Бублик алғашқы раундта австралиялық Джеймс Даквордпен кездеседі. Қос Александрдың матчы сейсенбіде өтеді.

Сарапшылар төрт спортшы арасында Рыбакинаның мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Ол Үлкен Дулыға санатына кіретін төрт ірі турнирдің бірі – Wimbledon жеңімпазы. Әзірге Франция ашық біріншілігінде қазақстандық теннисшілер топ жарған емес.

Қазақстанның екі теннисші қызы жұптық сында бақ сынайды. Анна Данилина мен серб Александра Крунич жұбы Бернарда Пера/Магда Линетт жұбымен кездеседі. Ал Юлия Путинцева мен канадалық Лейла Фернандес жұбы Моника Никулеску/Катажина Питер жұбымен ойнайды. Жұптық сындағы матчтар сәрсенбіде басталады.

2024 жылы Франция ашық біріншілігін Ига Швентек (Польша) пен Карлос Алькарас (Испания) чемпион атанған. Былтыр Рыбакина ширек финалда Жасмин Паолиниге жол берген.

Roland Garros турнирі алғаш рет 1891 жылы ұйымдастырылды. Франция ашық біріншілігінің жүлде қоры 56 млн еуродан асады. Чемпион 2,5 млн еуро алады.

Сондай-ақ оқыңыз