Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы қанша шығынға ұшырады

2025 жылдың басынан бері Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы 22,6 трлн теңге зейнетақы активінің ивесттабысы теріс қалыптасты. Қор салымшылары жалпы сомасы 231,54 млрд теңге жоғалтқан. Бұл – минус 1,05% деңгейіндегі табыстылықты білдіреді.
Қордың шығынға ұшырауына не себеп?
Басты себеп – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының нарықтағы құнының төмендеуі мен теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы.
«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының
құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2025 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері (-)231,54 млрд. теңгені құрады. 2025 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі (-)1,05% құрады», – делінген ҰБ есебінде.
Сәуірде қор қаржысы қайда инвестицияланды?
Өткен айда қорда жатқан 107,13 млрд теңге квазимемлекеттік сектордың екі ірі компаниясын сатып алуға бағытталған. «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 72,15 млрд теңге салынды. Бұл қағаздардың жылдық табыстылығы – 16,91%. Сонымен қатар, 34,98 млрд теңгеге «Отбасы банк» облигациялары сатып алынған. Бұл бағалы қағаздары жылдық 16,5% табыс алып келуі тиіс.
Одан бөлек, қор Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын 541,29 млрд теңгеге, ал АҚШ-тың мемлекеттік қағаздарын 171,84 млрд теңгеге сатып алған.
БЖЗҚ ақшасының шағын бөлігі бірнеше жеке басқарушы компанияларға берілген. Олар – Halyk Finance, Jusan Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets және Сентрас Секьюритиз.
Жеке басқарушы компаниялардың әрқайсысы 2025 жылдың басынан бері оң табыс көрсетіп отыр. Тіпті ең жоғары табыстылық – BCC Invest-ке тиесілі – 4,02%, ал жылдық табыстылығы – 17,45%. Бұл – инфляциядан жоғары нәтиже. Жалпы көрініс мынадай:
Компания | Актив көлемі | 2025 ж. табыстылығы | 12 ай табысы |
---|---|---|---|
Ұлттық Банк | 22,6 трлн тг | –1,05% | +13,35% |
Halyk Finance | 36,7 млрд тг | +0,45% | +16,49% |
Jusan Invest | 11,7 млрд тг | +1,38% | +16,42% |
BCC Invest | 6,2 млрд тг | +4,02% | +17,45% |
Halyk Global Markets | 5,5 млрд тг | +1,62% | +16,74% |
Сентрас Секьюритиз | 2,3 млрд тг | +2,32% | +15,66% |
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қор қаржысы неге инвестициялық табыс әкелмей отырғанын түсіндірген. Оның айтуынша, бұл – уақытша жағдай.