
Мамырда республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 988 млн доллар бөлінді. Бұл сәуірдегі көрсеткішпен салыстырғанда 20 млн долларға артық.
Бұған дейін сәуірде бюджет үшін 968 млн доллар сатылған еді. Ал маусымда Ұлттық қордан 700-800 млн доллар сатылады деген болжам бар.
Ұлттық банктің дерегінше, мамырда теңге курсы 1 доллар үшін 510,82 теңгеге дейін нығайды. Биржадағы сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 246 миллионнан 238 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал жалпы бір айда биржадан 4,5 млрд доллар сатылған.
Алтын мен долларды теңестіру операциясы жалғасып жатыр
Ұлттық банк елдегі барлық алтынды сатып алып, сыртқы нарыққа сатып, долларды қайта ішкі нарыққа салу операциясын жалғастырып жатыр. Мұны реттеуші «айналау» операциясы деп атайды. Бұл шараның аясында қордан 213 млрд теңге алынған. Маусымда да дәл осы сомадағы валюта сатылады деген болжам бар.
«Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді», – деп жазылған реттеушінің хабарламасында.
Ұлттық Банктің мәліметінше, мамырда валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық банк Қазақстанның халықаралық резерві жайлы мәлімет жариялады. Ресми дерекке сүйенсек, елдің халықаралық қоры алғаш рет 50 млрд доллардан асты.
Халықаралық резерв – Ұлттық банктің шетелде сақтап отырған алтын және валюта түріндегі қорлары, бірақ оның өз міндеттемелері (яғни, басқа ұйымдарға төлеуі тиіс қаражаты) есептелмеген таза сома.